Фото: ашық дереккөз
Жаңа жылдық мереке күндері Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеп, тұрғындарға үздіксіз көмек көрсетті, деп хабарлайды Ult.kz inAlmaty.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкиннің айтуынша, 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 4 қаңтар аралығында қызметке 11 158 шақырту түскен. Оның ішінде 10 059 жедел шығу орындалған.
Мереке күндері тәулік бойы 189 жедел жәрдем бригадасы кезекшілік атқарып, олардың құрамында 500-ден астам медицина қызметкері – дәрігерлер, фельдшерлер, жүргізушілер және кіші медициналық персонал жұмыс істеген.
Ең аз қоңырау дәстүрлі түрде жаңа жыл түні тіркелген. Бұл уақытта шамамен 1 900 шақырту түскен, бұл орташа тәуліктік көрсеткіштен 600-ге жуық аз.
Статистикаға сәйкес, алматылықтар жедел жәрдемді көбіне тыныс алу жүйесі ауруларына (22,53%), жүрек-қан тамырлары сырқаттарына (17,28%), сондай-ақ жарақаттар мен улануларға (14,5%) байланысты шақырған. Мамандар бұл үрдіс жыл сайын қайталанатынын атап өтті.
Мерекелік кезеңде пиротехниканы қолдануға байланысты 20 жарақат дерегі тіркелген, оның 11-і балаларға қатысты. Ең жас зардап шеккен бала – төрт жаста. Он адам жедел жәрдем бригадалары арқылы ауруханаға жеткізілсе, жеті адам өздігінен медициналық көмекке жүгінген, ал үш адам жеңіл жарақатқа байланысты ауруханаға жатудан бас тартқан.
Сонымен қатар мереке күндері медицина қызметкерлері бес рет сәтті реанимациялық көмек көрсеткен. Сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары үш рет үй жағдайында босандырып, бір ұл мен екі қыз дүниеге келген.
Жедел медициналық жәрдем қызметінде мереке немесе жұмыс күніне қарамастан, әрбір науқасқа уақтылы әрі сапалы көмек көрсету басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
