27 мам, 2024 сағат 11:37

Алматыда заңсыз салынған ірі нысан бұзылды


Фото: Алматы әкімдігі


Алматыда кезекті заңсыз нысан бұзылды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, Қайрат шағын ауданы, Дәулеткерей көшесі, 61-үй мекенжайында ірі күрделі құрылым бұзылды. Меншік иесі нысанды рұқсатсыз салған.


"Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша басқарма меншік иесіне қатысты құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға және учаскені бастапқы күйіне келтіруге нұсқама бере отырып, 1-баптың 316-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылдады. Өз кезегінде меншік иесі нұсқаманы орындамады, осыған байланысты іс сотқа жіберілді", - делінген хабарламада.


2024 жылғы 27 наурызда Түрксіб аудандық сотының шешімімен басқарманың талабы қанағаттандырылды. Сот шешімін орындау үшін меншік иесі нысанды өз еркімен бұзды.