27 жел, 2023 сағат 11:37

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесіне қатысты үкім шықты

Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Алматыда жалған шот-фактура жазумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Алматыда ҰҚТ-ның бес мүшесі қаражаттарды «қолма-қол ақша түрінде шығарып берумен» және жалған шот-фактураларды жазумен айналысқан. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті аяқтаған.

Анықталғандай, ҰҚТ мүшелері мекемелерге жүйелі түрде екінші деңгейлі банк шоттарынан қаражаттарды заңсыз «қолма-қол ақша түрінде шығарып берген». Бақылауындағы 17 коммерциялық компания арқылы 5 млрд теңгеден астам сомаға коммерциялық ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстары, көлік қызметтері және халық тұтынатын тауарларды жөнелту бойынша қызмет көрсетуге жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектескен.

Қылмыстық топ ұйымдастырушылары «бір күндік фирмаларды» жақын туыстары мен таныстарының аттарына тіркеген.

Сот үкімімен бес айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

"ҚМА «көлеңкелі» экономиканың үлесін азайту және адал кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты тұрақты түрде жалғастырады.

Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.

Анонимділікке кепілдік беріледі" - делінген хабарламада.