05 ақп, 2024 сағат 11:19

Алматыда үшінші теміржол вокзалы қашан салынады


Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы-3 теміржол вокзалы Алатау ауданының аумағында салынады. Жаңа вокзалдың жобасын 2027-ші жылға қарай аяқтау жоспарда тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, Алатау ауданындағы Алматы-3 вокзалының құрылысы агломерацияны дамыту жөніндегі жобалар кешеніне кіреді.

Жаңа теміржол платформасы жүк және жолаушылар легінің бір бөлігін қайта бағдарлауға, сонымен қатар, айналымға қосымша жолаушылар пойыздарын қосуға мүмкіндік береді, соның есебінен қалалық автожол инфрақұрылымының көлік жүктемесі азаяды.

«Вокзал Мәдениет шағын ауданы маңында салынады. Платформаны «Қазақстан темір жолы» салады. Біздің басты міндетіміз – егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында (ЕТЖ) вокзал мен вокзал маңындағы алаңды қамтамасыз ету болды. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Вокзал мен алаңның жобалары бойынша мерзімдер - 2026-2027 жылдар деп қарастырып отырмыз», – деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Бұған дейін Алматы жоспарының егжей-тегжейлі жаңа жобалары бекітілгені туралы жазған болатынбыз. Жаңа жоба қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес әзірленді.