Алматыда Алаш арыстарына арналған «Үш арыс» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл кітап белгілі қазақ қаламгерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай жарық көрді.
Сондай-ақ, мерекелік шара ҚР Жазушылар одағының және «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
«ТҮРКСОЙ 25 жылдан астам уақыт бойы түркі әлемінің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сақтау және зерттеу жұмыстарын белсенді атқарып келеді. Ұйым жыл сайын түркі әлемінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қомақты үлес қосқан көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына орай атаулы жыл жариялап, мәдени шығармашылық шаралар (концерттер, көрмелер, қойылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар) ұйымдастыру арқылы олардың атын дүниежүзілік қауымдастыққа танытып жатыр. Бұл басылымда қазақ әдебиетінің «Үш арысы», қуғын-сүргін құрбандары - Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай Қазақстан суретшілерінің қаламгерлердің шығармашылығына қатысты жазған көркем туындылары топтастырылған», - деді ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Асқар Тұрғанбай.