
Фото: Қорғаныс министрлігі
Республика күнінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсенов 101 жасқа толды. Бұл туралы Ult.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қарияны қос мерекемен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, Медеу аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері және "Қарулы күштердің ардагерлері" республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Төлеген Мұстафин құттықтап барды.
Қамбар Сәрсеновке Қорғаныс министрінің атынан Отан алдындағы еңбегі үшін алғыс білдірген құттықтау хаты табысталды.
Ол 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, оқу-жаттығудан кейін майданға аттанған. Қамбар Сәрсенов Беларусь, Латвия және Литва жерлерінде шайқасып, Кенигсбергті алу операциясына қатысқан, үш рет жараланған.
Майдангер I, II дәрежелі Отан соғысы, II, III дәрежелі Даңқ және "Қызыл Жұлдыз" ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Ардагер Витебск Қызыл Ту орденді, Суворов орденді 51-атқыштар дивизиясының 30-жеке барлау ротасында қызмет етіп, "қарсыласты" ұстап алғаны үшін екі орденмен наградталған.
Соғыстан кейін Қамбар Сәрсенов ішкі істер органдарында қызмет атқарып, кейін Алматының энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен.
