Фото: Polisia.kz
Алматыда полицейге жұдырық ала жүгірген ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Медиа-портал мәліметінше, 19 желтоқсан сағат 03:20-да патрульдік полицияның мамандандырылған батальонының экипажы Достық даңғылы мен Снегин көшесінің қиылысында жүргізушісінің іс-әрекеті күдікті болып көрінген Toyota автокөлігін байқайды. Қолданылған шаралардың арқасында көлік тоқтатылған.
Көлік ішінде жүргізуші мен төрт жолаушы болған. Олар бірден теріс қылық көрсетіп, мас күйде полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Сонымен қатар ер адамдар өздерінің заңсыз әрекеттері себебінен тоқтатылған Toyota Camry көлігінің жүргізушісіне қашып кетуге көмектескен. Ол да мас күйінде рөлге отырған болуы мүмкін. Соның салдарынан жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндірген.
"Жүргізушінің жеке басы анықталды. Оны ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ құқықбұзушылардың бірі заңды талапқа бағынбай, полиция қызметкерінің бетінен ұрған. Оның бұл әрекеттері ҚР ҚК-нің 380-бабы ("Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері") бойынша квалификацияланады.
Сонымен қатар оқиғаға қатысушылардың барлығына қатысты ҚР ҚК-нің 379-бабы ("Билік өкіліне бағынбау") бойынша қылмыстық іс тіркелді және ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы ("Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау") бойынша әкімшілік материалдар жинақталды" - делінген хабарламада.
Полиция қызметкеріне қол көтерген ер адам қамауға алынды.