Фото: Tengrinews.kz
Алматыда өртенген хостел құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып салынған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ғимараттың иесі - «КУСА Халык» ЖШС. Жалға алушы – «ALA Hostel» ЖШС, жалдау жөніндегі келісім шарт биыл 21 қыркүйекте жасалған. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты: дүкенді пайдалану және қызмет көрсету.
Бұл нысан бір жарым ай бұрын хостелге айналды. Хостел алаңы 457 шаршы метрді құрайды.
Айта кетерлігі, «ҚР-дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес, үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Оның үстіне Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауы қажет.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 23-тармағына сәйкес, хостелді жертөле және жертөле қабаттарында орналастыруға тыйым салынады. Осылайша, хостел жоғарыда аталған мекенжай бойынша санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, заңсыз орналасқан" - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 30 қарашада таңертең Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты.