Фото:Алматы ТЖД
Алматыда лағманхана өртенді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін сағат 08:58-де ТЖД күштері мен құралдары Алмалы ауданы, Розыбакиев көшесі, 13 мекенжайы бойынша шақыртуға шыққан.
"Келгеннен кейін "Тауфик" кафесінің шатыры жанып жатқаны анықталды. Өрттің көршілес ғимараттарға таралу қаупі туындап, көрші үйден бес адам қауіпсіз қашықтыққа эвакуацияланды. Адамдардың бар-жоғын тексеру үшін барлау жүргізілді, таңертеңнен бері кафеге келушілер болмаған.
Жанып жатқан дәмханадан жеті газ баллоны шығарылды. Автоцистернаның өрт сөндіру шүмектері дереу өрт сөндіру гидранттарына орнатылып, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді", - делінген ТЖД хабарламасында.
Департамент мәліметінше, өрт 18 минутта оқшауланған. Таралу қаупі жоқ.
Өртті сөндіруге 30 адам мен 10 бірлік техника, сондай-ақ қаланың өзара іс-қимыл қызметтері жұмылдырылды.
Жалпы 150 шаршы метр аумақты шарпыған өрт 09:43-те толық сөндірілді.