11 қыр, 2025 сағат 11:21

Алматыда коммерциялық қызмет секторы ашылды

Фото:  «Азаматтарға арналған үкімет» МК баспасөз қызметі


Алматы қаласында Алмалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің коммерциялық қызмет секторы өз жұмысын бастады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы хабарлады.


Жаңа секторда заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге қажетті бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Атап айтсақ, жылжымайтын мүлікті тіркеу, техникалық тексеру, жер кадастры, коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларды тіркеу бойынша қызметтер көрсетіледі.


Аталмыш қызметтерге көбіне кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жүгінеді. Олар үшін жаңа сектор мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді.


«Біздің басты мақсатымыз  - азаматтарға көрсетілетін қызметтерді барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі сапалы ету. Жаңа сектордың ашылуы Алматы қаласындағы кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін тиімді шешімдердің бірі болмақ. Бұл қадам мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық пен жеделдікті арттырады», – деп атап өтті филиал басшысы Нұрсұлтан Оңдасын.



Алмалы ауданындағы коммерциялық қызмет секторының ашылуы –мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдету бағытындағы маңызды қадам. Бұл сектор заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің сұранысына бейімделген, олардың уақытын үнемдеп, құжат рәсімдеу барысын жеңілдетуге бағытталған.


Алматы қаласында Алмалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің коммерциялық қызмет секторы Төле би 143а мекенжайы бойынша орналасқан.