видео кадры
Алматыда көлікке ағаш құлаған сәт видеоға түсіп қалды.
Оқиға жолда бағдаршамға тоқтап тұрған көліктің бақылау камерасына жазылған.
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, оқиға Қалдаяқов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында болған.
«Алматы әкімдігі Құтқару жұмыстары қызметінің «109 пультіне» Медеу ауданындағы Қалдаяқов көшесі мен Бөгенбай батыр даңғылының қиылысында ағаш құлағаны жайлы хабар келіп түсті.
Ақпарат бойынша, ағаш көліктің үстіне құлаған. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады жергілікті ТЖД баспасөз қызметі.
Жолды тазарту үшін Құтқару қызметінің күштері мен құралдары және «102» қызметкерлері жіберілген.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жауын-шашынның көп түсуі ағаш тамыр жүйесінің түбіндегі топырақтың батпақтануына әкелді. Қазіргі уақытта мердігер ұйым құлаған ағашты жолдан жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматы қаласының аумағында жасыл желектерді түгендеуге сәйкес 84 мыңнан астам авариялық ағаштар бар. Олардың 35 мыңы көше бойында, 49 мыңы аула аумақтарында өсіп тұр. Жұмыс жоспары бойынша 2022 жылы магистральдық жолдар бойында, саябақ аймақтарында және аулаішілік аумақтарда 5 мың дана апатты ағаш кесілді. Кесілген ағаштардың орнына 50 мың дана жас көшет отырғызылды», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл экология және қоршаған орта басқармасы 16 925 мың дана авариялық ағаштарды кескен. Кесілген ағаштардың орнына 169 250 дана жас ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланыпты.
«Жыл ортасында басқарма 8 аудан бойынша шарттар жасасты, жалпы пайдаланымдағы аумақтарда авариялық ағаштарды кесу кестесіне сәйкес жұмыс басталды. Ғылыми қызметкерлерді тарта отырып, авариялық ағаштарды кесу жөніндегі жұмыстарды бастамас бұрын экологиялық жұртшылықтың мәселелерін шешу үшін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері мен эко-белсенділер авариялық ағашты мұқият тексереді. Қазіргі уақытта құтқару және коммуналдық қызметтер жұмыс істейді. Автокөлік иелері келген шығынды өтеткізу үшін полицияға өтініш беруі керек», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.