Алматыда тәртіпсіздік жасауды жоспарлаған бір топ адам ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек Тengrinews.kz тілшісіне хабарлады.
Оның мәліметінше, ҚР ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігі ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
"Топ лидері А.Жұмағұловқа, О.Өміровке және К.Әбішевке қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар тіркелмеген қоғамдық ұйым аясында Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзып, халықты үркіткісі келген, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысына қастық жасағысы келген. Күдіктілер осы жоспарын іске асыру үшін насихат материалдарын, қарулы "жиһадқа" видеоүндеулер дайындаған", - деді Әзірбек.
"Мұнымен қатар, олар осы әрекеті үшін жауапкершіліктен жалтару үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорқытып, үркіту (аноним қоңырау шалу, оларды және отбасын өлтіремін деп қорқыту видеожазбалары) бойынша акциялар жасауды жоспарлаған", - деп хабарлады ІІД өкілі.
Аноним видеоүндеулерде ұсталғандар бетперде, діни-экстремистік "Хизб-ут-Тахрир" партиясының (Қазақстанда тыйым салынған) белгілері мен қару қолданған. Олар өздері насихаттаған идеяны қолдау үшін заңға қайшы жаппай әрекеттер жасауға шақырған. Күдіктілер жақтастарын іздеген. Бұл ролик және электронды тасымалдаушылар мен діни әдебиет тәркіленіпті. Оларға сараптама жүргізіледі.
"Қазіргі нұсқа бойынша, бұл топ шетелде қашып жүрген қылмыстық элементтерінің тапсырысы бойынша әрекет еткен. Қазіргі уақытта олар Алматы қалалық ІІД-нің тергеу изоляторына қамалды. Екі адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу мерзіміне бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр", - деді ІІД өкілі.
Айтуынша, бұл топ мүшелерінің бірі мұның алдында кісі өлтіргені үшін сотты болған.