09 қаң, 2025 сағат 13:53

Алматыда қар ерітетін алғашқы пункт ашылды


Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі


Алматыда тәулігіне 1200 текше метр қарды қайта өңдеуге қауқарлы қар ерітетін алғашқы пункт іске қосылды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы аясында жаңа пункт «Алматы Тазалық» МКК-ның бұрын көктайғаққа қарсы реагенттер сақталған базасында салынды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Қазақстанда алғаш рет мұнда қарды еріту үшін ағынды сулардың жылуын пайдаланатын инновациялық технология қолданылып отыр. Еріген су құм мен қоқыстан сүзгілеу арқылы тазартылады, содан кейін қаланың кәріз жүйесіне жіберіледі.


Қар еріту пунктіне Әуезов, Алмалы және Бостандық аудандарынан қар әкелінеді. Бұл аудандарда қар үйіндісі мәселесі өзекті, қозғалыс қиындаған орталық көшелерден ақ ұлпаны сыртқа шығару оңай емес. 
Мамандардың пікірінше, мұндай шешім қарды тиімді түрде кәдеге жаратып қана қоймай, қала инфрақұрылымына түсетін жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді.