19 қыр, 2025 сағат 19:25

Алматыда кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты басталды

Фото: ұйымдастырушылардан

Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты ресми түрде ашылды. Ауқымды турнир 2025 жылғы 19–30 қыркүйек аралығында өтеді. Жарысқа U8, U10 және U12 жас санатындағы спортшылар қатысуда, деп хабарлайды Ult.kz.

FIDE World Cadet Chess Championships 2025 бәсекесіне 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелген. Олардың ішінде Үндістаннан – 28, Қытайдан – 25, АҚШ-тан – 24 спортшы бар. Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам ойыншымен қатысып отыр.

Чемпионатты Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ұйымдастыруда. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович және KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.

Фото: ұйымдастырушылардан

KazChess президенті Тимур Турлов бұл жарыстың Қазақстан үшін тарихи маңызын атап өтті:

«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Біз қонақтарды әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі мәртебесінде қарсы алып отырмыз», – деді ол.


Чемпионат швейцар жүйесі бойынша 11 турдан тұрады. Әр партияға 90 минут уақыт беріліп, алғашқы жүрістен бастап әр қадамға қосымша 30 секунд қосылады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты санатта өтуде: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.

25 қыркүйек күні қатысушыларға арналған мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады. Жас шахматшылар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсия жасап, блиц-турнир мен шешім шығару бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Сонымен қатар, 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де «Білім берудегі шахмат» атты III Халықаралық конференция өтеді. Оған FIDE-нің «Chess in education» комиссиясының төрағасы, америкалық сарапшы Джерри Нэш қатысады.

Фото: ұйымдастырушылардан

Чемпионат туралы қызықты деректер

- 2025 жылғы шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) Алматыда, Балуан Шолақ атындағы Спорт және концерт кешенінің бас аренасында 19–30 қыркүйек аралығында өтеді.

- 2025 жылғы шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионатына (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) 88 елден 851 жас шахматшы қатысады. Олардың жасы 6-дан 12-ге дейін (Chess-Results.com деректері, 18 қыркүйектегі жағдайы бойынша).

- Ең көп қатысушысы бар санат – O10 (10 жасқа дейінгі ұлдар): 187 ойыншы, оның ішінде 54-і – қазақстандық. Ең аз қатысушысы бар санат – G8 (8 жасқа дейінгі қыздар): 95 шахматшы, оның ішінде 26-сы – қазақстандық. Басқа санаттарда: O8 – 153 (50), G10 – 118 (26), O12 – 176 (51), G12 – 122 (24).

- Чемпионат қожайыны – Қазақстан құрамасы 231 ойыншымен көш бастап тұр. Одан кейін: Ресей (ФИДЕ туы астында) – 67, Үндістан – 28, Моңғолия – 27, Қытай – 25, АҚШ – 24, Оңтүстік Корея – 22, Қырғызстан – 17, Өзбекстан – 16, Қытай Тайбэйі, Түркия және Шри-Ланка – әрқайсысы 13-тен, Австралия, Польша, Тунис және Түрікменстан – әрқайсысы 12-ден, Беларусь (ФИДЕ туы астында) және Оңтүстік Африка Республикасы – 11-ден, Канада және Франция – 10 қатысушыдан.

- Ең көп халқы бар елдер (млн адам) – Үндістан (1444), Қытай (1408) және АҚШ (341). Ең аз халқы бар елдер (мың адам) – Гуам (167), Исландия (357) және Мальдив аралдары (402).

- Ең үлкен аумаққа ие мемлекеттер (млн шаршы км) – Ресей (17,125), Канада (9,984) және АҚШ (9,833). Ең шағын мемлекеттер (шаршы км) – Мальдив аралдары (298), Барбадос (430) және Сингапур (778).

- Чемпионатқа қатысу үшін ең ұзақ жолды Жаңа Зеландиядан келген жас спортшылар жүріп өтті – шамамен 13 500 км. Ал Қырғызстан шахматшылары үшін бұл аралық небәрі 235 км (Бішкектен).

- Қатысушылар арасындағы жалғыз халықаралық шебер – 11 жастағы мысырлық Абдальрахман Самех Мохамед (рейтинг 2207), 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы. Сонымен қатар тағы 4 FIDE шебері бар: Чжу Линьси (2320, АҚШ), Мазен Фанди (2307, Сирия), Рамтин Какаванд (2115, Иран) және Әлімжан Жауынбай (1968, Қазақстан). Олардың барлығы O12 санатында ойнайды.

- Қыздар арасында 4 FIDE әйелдер шебері бар: Софи Ли (2073, АҚШ), Лори Кью (1995, АҚШ), Сюэ Тяньхао (2000, Қытай) және Алиса Генриетта Юнкер (1869, FIDE).

- Австралия делегациясында Батырбековтар отбасы ерекшеленеді – Айдан (13.09.2017) және Қайсар (2016 ж.т.). Делегация жетекшісі – балалардың әкесі, 40 жастағы Қуаныш Батырбеков, мамандығы бойынша қаржыгер, ал хоббиі – шахмат төрешілігі.

- Чемпионаттағы ең жас шетелдік қатысушы – Молдова елінен келген Ярослав Агафонов, ол 2019 жылдың 18 шілдесінде туған.