ҚР Ұлттық кітапханасының «Әл-Фараби» ғылыми орталығында белгілі жазушы, драматург Роллан Сейсенбаевтың «Фараби» атты 7 томдық жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жинақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында халықаралық «Абай» клубының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және әлем халықтары әдеби университетінің қолдауымен жарық көрді.
7 томдық жинақта әл-Фарабидің «қайырымды қала», философиялық, әлеуметтік-этикалық трактаттары мен музыка, ғылым, ой-сана, ұстаздың оралуы атты кітаптары енген.
Туындыларды баспаға белгілі жазушы, драматург Роллан Сейсенбаев дайындады.
«Мына өмірде екі дүние үшін жұмыс істеуге болады. Ол –Құдай және әулиелер. Әл-Фараби сол қазақ әулиелерінің бірегейі. Сондықтан біз бұл кітаптарды жас оқырманға, студенттерге арнап жасадық. Өйткені, бұл –философиялық кітаптар. Оны оқу, түсіну өте ауыр. Сондықтан жастарға ыңғайлап, ұғынықты тілмен жаздық. Себебі, әл-Фараби туындыларын бірден түсініп, жүрегіңмен қабылдау мүмкін емес. Оны жас келе түсінесің. Жас кезіңде оқыған кітапты, қартайған шағыңда қайта оқысаң мүлдеп басқаша қабылдайсың. «Фараби» жинағы құнды дүние. Жастарға және кейінгі ұрапққа берері мол қазына»,– дейді Роллан Сейсенбаев.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен кітапхана оқырмандары қатысты.