31 қаң, 2020 сағат 14:31

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы басталды

Алматыда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үкімет басшыларының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы басталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Ресей, Молдова үкіметінің басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысуда.

ЕАЭО отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтіп жатыр. Күн тәртібіне 12 сұрақты талқылау қарастырылған. Оның қатарында сауда-экономикалық әріптестік, мүше мемлекеттер арасында өзара тауар алмасуды кеңейту, кедергілерді алып тастау, сонымен қатар экономиканың кейбір салаларында интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелері бар.

Сонымен қатар, Еуразиялық кеңістіктегі ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту және көпжақты интеграциялық бірлестіктердің тәжірибесін ескере отырып, қорғаныс шараларын қолдануды жетілдіру бойынша бірқатар бастамаларды талқылау жоспарланған.