11 қаң, 2017 сағат 09:32

Алматыда ескі үйлер арзандай бастады

Алматыда ескі үйлер арзандай бастады. Бұған нарықтың нағыз бағасына жұрттың бірте-бірте көндігуі себеп екен. Яғни, доллардың 180 теңге кезіндегі бағамынан әлі шыға алмай жүрген көп тұрғын бұған дейін неғұрлым қымбат бағаны қоятын. Тіпті, жасатқан жөндеуіне дейін үстеме ақша сұрайтындары да ол әдетін қойып, саудаласуға көне бастапты. Есесіне, Астанада баға еселеп өсуі мүмкін. Себебі, ЭКСПО деп алақанын ысқылап отырған жұрт жаппай жылжымайтын мүлік иеленуге ұмтылып жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Алматыда ескі үйлердің бағасы екпінін жаймен баса бастады. Бұған дейін жаңа үйлерден де жоғары бағаланған пәтерлер біраздан бері өтпей қалса керек, қожайындары аспаннан алып қойған құнын төмендетуге мәжбүр. Салынған жылына қарамай, сапасын айтып есті алатын ескі үйлердің иелері енді ол әдетін қойған.  

"Сатушылар сабасына түсе бастады. Ескі үйлердің иелері осыған дейін бағаны түсірмей келген. Өзінің о бастағы сатып алған ақшасын қайтарғысы келіп, қосып сұрайтын. Қазір жағдай басқаша. Клиенттері жаңа үйлерге кете бастаған соң қожайындар саудаласуға көніп жатыр", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Нина Лукьяненко.

Саудасы жүрмеген үй иелері риэлторлардың да әбден мазасын алған. Нина Лукьяненконың айтуынша, пәтер сатушылардың тіпті артық ақша жасаудың қамымен, жасаған жөндеуіне де қосымша тиын сұраған. Енді ондайлардың дәуірі өтіпті. Өйткені жаңа үйлерге сұраныс артқан. Мәселен, былтыр Алматыда су жаңа үй сатып алушылардың саны 57 пайызға өсіпті. Ал Астанада сауда тіпті қызған. Әсіресе, ЭКСПО-ның арқасында жылжымайтын мүлік агентттіктері байып, клиентке талас боп жатыр.  

Телеарнаға берген сұхбатында риэлтор Аяулым Болатқызы жаңа құрылыстардың көбейіп жатқанын айтып отыр. "Егерде сіз алам десеңіз көбіне сіздің таңдауыңызға байланысты жүгінеді. Өйткені, қазіргі кезде біздің Астанамызды алатын болсақ, сатылатын пәтерлер саны өте көп. Жаңа құрылыстар көбейіп келе жатыр", - деді ол.

Осылай деп клиенттің асты-үстіне түскен астаналық риэлторлар екінші жартыжылдықта баға өсуі мүмкін деп отыр. Өйткені, ЭКСПО-ны күтіп алақанын ысқылап отырған жұрт жылжымайтын мүлікті бизнес көзіне айналдырмақшы.

Мамандардың айтуынша, бірден баспаналы болуға шамасы жете бермейтін жұртқа басқа да мүмкіндіктер бар. Риэлторлардың айтуынша, қазір көптеген құрылыс компаниялары бәсекелестерден қалып қоймас үшін жаңа үйлерді қарызға беріп жатыр. Тек бастапқы жарнасын құйсаңыз болғаны. Бірақ оның да ай сайын төлейтін ақшасы аз емес екен.

КТК