Фото: ашық дереккөз
Алматыда екі оқушы қыздың өлімінен кейін көпқабатты үйлердің барлық шатыры тексеріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының хабарлауынша, көппәтерлі тұрғын үйлердің барлық басқару әкімшілігіне (КСК, ОСИ, ПТ, ЖШС) қауіпсіздік шараларын күшейту, оның ішінде шатырларға шығуды шектеу туралы хат жолданды.
"Басшылық аудан әкімдіктерімен, басқарушы компаниялармен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларына кіруге қойылған шектеулерді тексеруді бастады. Бұдан былай шатырларға тек басқарушы компанияның рұқсатымен, арнайы кілтпен көтеріле алады", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болғаны туралы жазған едік. Осы жайттан соң Алматыдағы балалар омбудсмені ата-аналарға үндеу жасады.