18 шілдеде Алматыда болған атыстан ауыр жарақат алған тағы бір полицей ауруханада қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін 11.08.2016 жылы таңда жансақтау бөлімінде ауыр оқ жарақтын алған полицей қайтыс болды. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады. Олар полицейдің өмірін сақтап қалу үшін соңына дейін күресті", - деп хабарлады полициядағылар.
Полиция сержанты Келдібаев Жалғас Аманбайұлы 1992 жылы дүниеге келген. Органдарда 2014 жылдан бері жұмыс істеген. "Басшылық, Ардагерлер кеңесі, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы Жалғас Келдібаевтың туыстарына көңіл айтады", - деді қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев болып шықты.
Осыған дейін ІІД тергеу жұмыстары барысында18 шілдеде полицейлерді өлтірді деген күдікке ілінген Руслан Күлекбаевтің жалдамалы пәтерді анықтаған болатын. Полицейлер пәтерде адам өміріне қауіпті заттардың бар-жоғын тексеріп шықты. Алайда, полицейлер пәтерді тінту кезінде қауіпті заттарды таппады.