17 там, 2021 сағат 17:35

Алматыда бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне сыйақы берілді


InterContinental Almaty қонақ үйінде бокстан Токио-2020 Олимпиадасының жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы табыс етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Олимпиаданың қола жүлдегері Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа 50 000 АҚШ доллары, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы - Мырзағали Айтжанов пен Сейітжан Төкеновке 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сертификат табыстады.

Сонымен қатар, құраманың бапкерлері мен Олимпиада қатысушылары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы - Марат Жақиев, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Манашев, Роман Миничкин, Олимпиадаға қатысқан боксшы Серік Теміржанов бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Ұлттық құраманың капитаны ретінде маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Еліме алтын алтын алып беремін деп ойлағанмын. Бірақ, біз ойлағандай бола бермейді. Жалпы, биылғы Олимпиада әділ өтті. Бүгін алған қаражатты қайырымдылық қорына жұмсаймын. Олимпиадада байқағаным, бұрын да кездескен қарсыластарым жеңіс үшін жанын беруге дайын екен. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімді түзетем. Алда әлі талай көк туымызды Олимпиада төрінде асқақтамыз деп айта аламын», - деді боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

«Еліме алтын ала алмағаным үшін өкіндім. Тіпті көзіме де жас келді. Алдысызда үлкен мақсаттар бар, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадада алтын алуға барымды саламын. Кәсіпқой бокспен айналысу әлі ойда жоқ. Оны кейін көре жатармын. Бүгінгі қаражаттын қайырымдылық қорына жұмсаймын», - деді боксшы Сәкен Бибосынов.