Алматыда бір отбасындағы жеті адам иіс газынан уланып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаланың төтенше жағдайлар қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 22 ақпанда таңертең Шұғыла шағын ауданында болған. Төтенше хабар құтқарушыларға 06.30 кезінде жетіпті: бір отбасындағы 7 адам, олардың бесеуі – бала, иіс газынан уланып, ауруханаға жөнелтілген.
Оқиға орына келген Наурызбай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері анықтағандай, улануға қатты отынмен жанатын пеш себеп болған, ересектер пештің есігін қымтап жабуды ұмытып кетіпті.
"Бұдан бұрын жеке секторды аралау кезінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бұл отбасыға жылу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірген болатын", - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Улануға қарсы ем қабылдап жатыр. Жақын арада ауруханадан шығарылмақ.
Айта кетсек, жылу маусымы басталғалы бері ТЖД қызметкерлері жеке сектордың 145 мың үйін аралап, 10 мыңнан астам адамды қамтыған 542 жиын өткізіпті. ТЖД бастамасымен бұл кезеңде үйлерді аралау кезінде тұрмысы нашар отбасылардың үйіне 136 дана иіс газынан хабар беретін құрылғы орнатылған. Бұл жұмыс жылу маусымы біткенге дейін жалғасады.
Құтқарушылар тұрғындарға қатты отынмен жанатын пешті қолданғанда аса мұқият болып, қауіпсіздік ережесін сақтау қажеттігін ескертті.