22 қар, 2023 сағат 18:40

Алматыда Білім басқармасының бөлім басшысы ұсталды

Фото: © Sputnik/Ертай Сарбасов

Алматы қаласы Білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қала прокуратурасының үйлестіруімен Білім басқармасының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын ұстады. 

Ол мегаполистің білім беру мекемелерінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған лагерь ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетушіден 12 млн теңгеден астам сомада 10% пара алуға әрекет жасады деген күдікке ілініп отыр.

Пара жеткізуші балалар лагерін толыққанды ұйымдастыру үшін қажет материалдық және еңбек ресурстарына ие болмаса да, конкурстың жеңімпазы болып танылғаны анықталды.

Лауазымды адам соттың санкциясымен қамауға алынды" - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. 

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.