Фото: pixabay.com
Алматы автобустарында жүргізуші отыратын жер қоршалатын болады, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Дабыл түймесіне келер болсақ, бізге ұсыныс түсті. Қазір техникалық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, егер болашақта мұны жасауға мүмкіндік болса, әрине, іске асырамыз. Бұл мәселе әлі де талқылануда. Сондай-ақ қазір жаңа автобустар сатып алынып жатыр, жүргізуші мен жолаушы арасына қалқа орнатуды жоспарлап отырмыз», - деп жауап берді қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев журналистермен кездесу барысында.
Басқарма басшысы бұл мәселелер 2023 жылдың желтоқсанында болған апаттан кейін қарастырыла бастағанын атап өтті.
Еске салайық, былтыр желтоқсан айының соңында автобус бір топ адамды қағып кеткен еді.
Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.
Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.