Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда Үлкен Алматы шыңына шығушыларды автоматты түрде есепке алатын еліміздегі алғашқы арнайы құрылғы орнатылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жоба Алматы қаласының Туризм басқармасы тарапынан экотуризмді цифрландыру және туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жобаның басты мақсаты – тауға шығушылардың санын нақты есептеп, тау бағыттарына түсетін жүктемені талдау. Құрылғы әрбір өрмелеуді адамның қатысуынсыз автоматты түрде тіркейді, бұл нақты статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Туризм басқармасының мәліметінше, қазан айының соңына дейін дәл осындай құрылғылар Қаныш Сәтбаев (Советов) шыңына және Жастар шыңына да орнатылады. Жиналған деректер тау бағыттарын тиімді жоспарлауға, навигациялық жүйелерді жақсартуға және таудағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға көмектеседі.
Мұндай технология бүгінде Швейцария, Аустрия және Жаңа Зеландия сияқты туризмі дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Алматы да осы халықаралық тәжірибені Іле Алатауының табиғи ерекшеліктеріне бейімдеп енгізіп отыр.
