25 қаң, 2025 сағат 13:04

Алматыда алаяқтардың call-орталығы жойылды

Фото: polisia.kz

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық схеманы ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар адамдарды анықтап, жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда, - деп хабарлайды Ult.kz, Polisia.kzке сілтеме жасап.

Алматыда полиция қызметкерлері сall-орталықты жойды. Күдіктілер көрші мемлекеттің азаматтарын криптовалюта мен қор нарығына инвестиция салуға шақырып, алдаумен айналысқан. 24 күдікті ұсталды, олардың бесеуі шетелдік азаматтар.

Кеңседе 55 компьютер, 6 ноутбук, 30 ұялы телефон, көрші мемлекет азаматтарының деректері, әртүрлі нұсқаулар жазылған блокноттар табылып, тәркіленді.

“Call-орталық жұмысшыларының міндетіне крипто-инвестиция салғысы келетін адамдарды іздеп, оларды алдап-арбаумен айналысу кірген. Ауыспалы нөмірлер арқылы жәбірленушілермен байланыс орнатылып, кейін оларға фишингтік сайттарға сілтемелер жіберілген. Осылайша адамдар туралы дербес деректер жиналған. Одан соң алаяқтардың ықпалымен азаматтар өз қаражаттарын крипто-әмияндарға жіберген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелуде. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қаныш Ашжанов.