14 мам, 2022 сағат 13:04

Алматыда ақын Айжарық Абылқасымның қос кітабының таныстырылымы өтті


Алматыда ақын Айжарық Абылқасымның жаңа қос кітабының таныстырылымы өтті. Оған танымал ақындар Бауыржан Жақып, Серік Қалиев, Ержан Алаштуған, Ақберен Елгезек, Ержан Жұмабек, жазушы-журналист Бекен Нұрахмет, «Зейнолла Сәнік қорының» құрылтайшысы Қанат Зейноллаұлы және т.б. қаламгерлер мен оқушылар қатысты.

Айжарық ағамыз іс-шара ұйымдастырушыларына ерек алғыс білдіріп, ән салды. Ақындық болмыс, өмір келбеті, шығармашылық жайлы айта келіп, әр өлеңінің шығу тарихын баяндап, оларды шабыттана оқыды.

Ал, белгілі әнші Нұржан Жанпейіс Әсет бабамыздың әнін әуелете шырқап, кештің сәнін келтірді.

Құттықтау сөзін айтқан шәкірті Ақберен Елгезек Айжарық Абылқасымды "Алакөл шырақшысы" атап, ақынның болмысы жайлы жақсы естелік айтты.


Ақын Бауыржан Жақып болса, "ақындық болмыс маңдайына жазылып, өмір бойы соны бірге алып жүретіндер бар, соның бірі - Айжарық. Ол - "өмірі - өлең" болған ақын. Әлі де таңғажайып қайталанбайтын өлеңдер жазатынына сенімдімін" деді.

Кеш барысында «Зейнолла Сәнік қорының» директоры Серік Қалиев, жазушы-журналист Бекен Нұрахмет, ақын Ержан Жұмабектер кітап авторын құттықтап, ізгі тілектерін айтты.

Сондай-ақ Абай атындағы республикалық мектептің оқушылары ақын өлеңдерін оқыды.

Кешті ақынның қызы Гәкку Айжарыққызы әкесінің өлеңін оқып түйіндеді.