Бүгін Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы «Ұлылар үндестігі» атты халықаралық конференция өткізді. Аталған шара ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық кітапхана ғимаратында өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінен мүшесі Икрам Адырбеков, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.
Тағылымды шара аясында, Алаш қайраткерлері, А.Байтұрсынұлы және М.Әуезовке арналған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Басқосуды Академия басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.
Алқалы жиын аясында қос бірдей тұрғырлы тұлғаның мерейтойына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірқатар еңбектердің таныстыру рәсімі өтті.
Атап айтқанда, Түркі академиясы дайындаған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ақаңның замандастары, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Бұл еңбектің ағылшын және чех тілдеріндегі нұсқалары да Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігімен бірлесіп жарық көргенін айта кету керек.
Сонымен қатар Түркі академиясы кезінде алаш арыстарымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы да белсенді қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» материлдарын қайта басып шығарып отыр. Бірегей басылымға төте жазумен басылған толық факсимлесі де қоса берілді. Бұл тарихи сиезге қазақ даласынан ғана емес, Түркістаннан, Бұхарадан, Мәскеуден түркі халықтарының кейбір беделді тұлғалары өкіл болып қатысқан.
Халықаралық Түркі академиясы таныстырған келесі еңбек — Мұхтар Әуезовтың әйгілі қырғыз эпосы «Манас» туралы монографиясы.
«Қырғыздың батырлық эпосы «Манас». (Киргизский героический эпос «Манас») аталатын аталмыш кітап әуезовтанушылар мен Манас эпосын зерттеушілерге көмекші құрал болары сөзсіз. Монографиялық еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы дайын болған екен. Автор оны әртүрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты өзегін өзгертпегенімен әр жылдары шұқшиып редакциялап, еселеп өңдеп, болаттай шынықтырып, шыңдай түскені еді. Аталған еңбектің 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының көшірмесі Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында сақталған. Ғылыми қосымша ретінде осы үлгінің толық факсимилесі де жарияланды. Сонымен қатар жинаққа 1952 жылы 8 маусымда Фрунзе қаласында өткен «Манас» жырын зерттеуге арналған конференцияда М.Әуезовтің жасаған «Создать народный вариант «Манаса» деген әйгілі баяндамасы да енгізілді.
Сонымен қатар, келелі басқосу аясында Алаш мұраларын зерттеп жүрген бірқатар ғалым-қайраткерлер Түркі академиясының арнайы наградаларымен марапатталды. Түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін академик Мәмбет Қойгелдиев Академияның арнайы Алтын медалімен, белгілі әдебиетші ғалым Кенжехан Матыжанов Түркі академиясының Күміс медалімен марапталды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде.
Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, алаш қайраткері А.Байтұрсынұлының 150 жылдық және кемеңгер жазушы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады.