Алматы әкімі Ерболат Досаев бүгін Үкімет отырысында онлайн сөз сөйледі. Онда ол Алматыда 475 млн теңгеге жедел хабарландырудың жаңа жүйесін енгізу туралы мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" KAZ.NUR.KZ басылымына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының биылғы 25 қаңтардағы Алматы әкімдігі мобильді құрылғылар арқылы халықты шұғыл жаппай құлақтандыру жүйесін пилоттық режимде енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында биылғы мамырдың соңына дейін Mass Alert қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Cell Broadcast технологиялары, оған 475 млн теңге бөлінді", - деді әкім.
Оның айтуынша, әдеттегі SMS-тен айырмашылығы, Cell Broadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме түсірмейді және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонентке жедел және жаппай таратуды, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Досаев 5 наурызда таңертең Алматы қаласындағы жағдай тұрақты екенін, жедел штаб жұмыс істейтінін хабарлады. Оның айтуынша, барлық қызмет жұмылдырылып, күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.