Фото: ашық дереккөз
2025 жылғы 2–3 қазанда Алматыда «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық конференция және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы туберкулез бойынша өңірлік парламент саммиті өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Форумға аймақ елдерінің парламентшілері, денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, ДДСҰ, Stop TB серіктестігі мен өзге де халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты. Қатысушылар БҰҰ-ның туберкулезге қарсы саяси декларациясын жүзеге асыру барысын, азаматтық қоғамның рөлін және инновацияларды талқылады.
Саммит қорытындысы бойынша 2026–2028 жылдарға арналған туберкулезбен күресті жеделдету жөніндегі өңірлік қарар қабылданды.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміз туберкулездің таралуы мен өлім-жітімін азайту жөніндегі БҰҰ мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді. 2024 жылы аурушаңдық 4%-ға, өлім-жітім 16,6%-ға төмендеді, алғаш рет балалар арасында өлім тіркелмеді.
«Саяси ерік – туберкулезбен күрестің ең қуатты құралы. Біз әрбір тұрғынға дер кезінде диагностикадан өту мен емделу мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – ортақ парызымыз», – деді Global TB Caucus ұйымы төрағасының орынбасары Гүлдара Нұрымова.
Саммит аясында ерте диагностикаға қол жеткізу, науқастарды әлеуметтік қолдауды күшейту, ұлттық бюджет есебінен тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және туберкулезді 2030 жылға дейін толық жою жолындағы шаралар талқыланды.
