Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгінде Алматыда 200 көше жаңа атауды қажет етедi. Бұл туралы Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім болды, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Түрксіб ауданы тұрғындарының бірі көше атауына қатысты мәселені көтерді.
«Түрксіб - тарихы терең, көне аудандардың бірі. Өкінішке орай, көшелердің көбіне өзге ұлт өкілдерінің есімі берілген. Неге сол көшелердің атауын өзіміздің халыққа еңбегі сіңген батырларымыздың, ақын-жазушыларымыздың, саяси тұлғалардың есіміне ауыстырмасқа. Бұл мүмкін бе?», - деп сұрады аудан тұрғыны.
Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, мегаполисте жаңа атауды қажет ететін 200 көше бар. Тең жартысының атауы мүлдем жоқ.
«Аталған көшелер бойынша өтініштерді қалалық ономастика комиссиясы қарады. Енді республикалық комиссияның жауабын күтіп отырмыз. Жалғыз Түрксіб ауданы емес, қаладағы сегіз ауданда да ескі атаумен қалған көшелер бар», - деді Ерболат Досаев.