27 қыр, 2025 сағат 13:33

Алматы зообағында амур жолбарысының күшіктері дүниеге келді

Фото: Алматы зообағы

Алматы зообағында амур жолбарыстары Бентли мен Айкидің жұбынан екі еркек күшік туды. Бұл – соңғы жылдардағы алғашқы төл және Қызыл кітапқа енгізілген сирек түрді сақтау жолындағы маңызды қадам, деп хабарлайды Ult.kz.

Амур жолбарысы – жалғыз жүретін жыртқыш. Сондықтан жұп құруы мен төлдеуі ерекше күтімді қажет етеді. Зообақ мамандары серігін мұқият таңдап, вольерді дайындап, жануарларға барынша қауіпсіз жағдай жасады.

Жолбарыс күшіктері 14 маусымда дүниеге келіп, алғашқы айларын тыныш аймақта өткізді. Онда дыбыс пен көзге түсетін әсерлер азайтылған. Бұл аналықтың күйзелісін төмендетіп, төлдердің дұрыс жетілуіне ықпал етеді.

Алдағы демалыс күндері анасы күшіктерімен бірге ашық вольерге көшіріліп, келушілер зообақтың жаңа тұрғындарын тамашалай алады.