23 қаң, 2024 сағат 15:38

Алматы университеттерінде сабақ неге тоқтатылмады?

Сурет: freepik

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жоғары оқу орындарындағы жағдайды айтып, бүгін сабақ неге тоқтатылмады деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Үкімет отырысында министр студенттердің барлығы дер кезінде эвакуацияланғанын айтты.

"Университеттерде семестр енді ғана басталып жатыр, 20 қаңтарға дейін демалыс болды. Қазір алғашқы кіріспе сабақтар жүріп жатыр, сондықтан үлкен қарқын жоқ. Біз оқу процесін бұзған жоқпыз, студенттер өз қалауы бойынша онлайн режимінде оқи алады. Бірақ үлкен қарқындылық жоқ, сондықтан оқу үдерісін бұзбауға шешім қабылдадық", - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Шенеуніктің айтуынша, студенттердің ешқайсы зардап шеккен жоқ.

"Біз бірден әрекет еттік, бәрі ұйымдасқан түрде өтті. Мен ректорлар мен проректорларға, студенттік ұйымдардың басшыларына алғысымды білдіргім келеді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Әл-Фараби атындағы университеттің № 6 және 8 жатақханаларында құрбандар мен қирау болғандығы туралы жалған ақпарат болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз өз өкілдерімізді сол жерге жібердік, көз жеткіздік", - деді министр.