11 шіл, 2025 сағат 10:56

Алматы тауларында жоғалып кеткен 18 жастағы жасөспірім өлі табылды


Фото: instagram.com/volontery_almaty_lider.kz


Алматы тауларында жоғалып кеткен жігіт қаза тапты, - деп хабарлайды Lider.kz еріктілері.



"Қаза болған. Табылды. Марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", – делінген еріктілер жариялаған хабарламада.


Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жоғалған жасөспірімнің мәйіті табылғанын растады.


"Денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.


Еске салайық, 18 жастағы Ақылбек Нұрислам 2 шілдеде жоғалып кеткен болатын. Туыстарының айтуынша, ол тауға кеткен. Соңғы рет оның телефоны Үлкен Алматы шатқалы маңында тіркелген. Іздеуге 40-тан астам адам – Алматы қалалық құтқару қызметінің (109), республикалық жедел-құтқару жасағының, ТЖД, шекара қызметінің, полиция мен еріктілердің қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына авиация, кинологтар мен дрондар тартылды.