02 там, 2018 сағат 16:11

Алматы полициясы баласын ұрған әкені туыстарымен кездестірді

Алматы полициясы баласын ұрған Мұрат Асқароглыны туыстарымен кездестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 тамызда кешке Мұрат Асқароглыны қолдауға жиналған туыстарына полиция өкілдері тергеу жұмыстарының мәліметтерін түсіндірді. 

ІІД басшысы Серік Күдебаев күдіктінің туыстарымен жеке кездесіп, сөйлесті. 

«Мен өзім жеке сөйлестім. Конструктивті әңгіме айтылды. Қойылған сұрақтарға толық жауап берілді. Мұрат Асқароглының туыстары онымен кездескілері келетінін айтты. Оларға сондай мүмкіндік берілді. Туысқандары Мұратпен ІІД ғимаратында кездесті. Осы кездесуден соң адамдар тергеу ісінің обьективтілігіне көз жеткізді. Бұл туралы басқа да туысқандарына хабарланды. Жиналғандар қазір қажеттілік жоқ болған соң тарап кетті», - деді ІІД басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев. 

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшесінің қиылысында орын алған болатын. Тұрғындар тал түбінен 4 жастағы баланы тауып алған. Бала шала жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті есебінде баланың әкесін ұстаған болатын. 

Баланың әкесі Мұрат Асқароглы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласның қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған. 

Полицияның бұл әрекеті Мұрат Асқароглының туыстарының наразылығын туғызған еді. Кеше Шығыс айналма жолы маңында оның туыстары жиналып, Мұраттың кінәлі еместігін жариялаған болатын.