Фото: Halyqstan.kz
Алматы – Өскемен тасжолында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырап, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Ult.kz.
23 желтоқсан күні таңертең Абай облысындағы Таскескен ауылының маңында, автожолдың 681-шақырымында Үржар бағытына бет алған жолаушылар автобусы КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Апат кезінде зардап шеккен үш адам Таскескен ауылдық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлік тексеруден кейін олардың барлығы үйлеріне қайтарылған.
Абай облысының Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Құзырлы орган өкілдері жүргізушілерді жолда жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауға, қарсы бағытқа шықпауға және көлікті тек толық тыныққан жағдайда ғана басқаруға шақырды.
