Алматы облысының әкімі Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері атанды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласындағы «Тұран» Университетінде өткен «Тәуелсіз Қазақстанның Үздік инженері» және «2016 жылдың үздік инженері» республикалық конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шараны ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов конкурстың негізгі мақсаты өңірлерді дамытуды ынталандыру, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық маңызды бағыттарында ілгерілеуді жүзеге асыру екенін атап өтті.
- Инженерлер экономиканың барлық салалары – өндірістің ауыл шаруашылығының, өндіру және басқа да салалардың дамуына зор үлес қосып келеді, - деді Б. Жұмағұлов.
Конкурс қорытындысы бойынша «Тәуелсіз Қазақстанның Үздік инженері» жоғары атағына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ие болды. Облыс басшысына алтын медаль мен дипломды Ұлттық инженерлік академияның конкурстық комиссиясының төрағасы, академия президиумының мүшесі, академик Асқар Құлыбаев тапсырды.
Инженерлік идеялардың жаңашыл бастамашысы, өндірістің ірі ұйымдастырушысы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың басшылығымен өңірде 2010-2016 жылдары 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7515 жаңа жұмыс орны ашылғаны, 158 жаңа нысан пайдалануға беріліп, қолданыстағы 60 кәсіпорын кеңейтілгені атап өтілді.
А. Баталовтың шығармашылық инженерлік ойлары мен мақсатқа жетудегі табандылығының арқасында облыс орталығы жаңарып-жаңғырды, жаңа инновациялық электронды кешенді жер картасы жасалды, газдандыру ісінде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, Балқаш көлін сақтау мен дамытуға жағдай жасалуда, суарылатын жерлердің көлемі артып, жаңа суармалы жерлер игерілуде, қызылша шаруашылығы қалпына келтірілді, сол сияқты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында басқа да толайым табыстарға қол жеткізілді.
Өз кезегінде облыстың бірінші басшысы конкурстың ұйымдастыру комитетіне Жетісу өңірінің дамуын жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді.
- Алматы облысы – әлеуеті зор аймақ. Қазіргі кезде зор қарқынмен дамып келеді. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде көптеген нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, 1991 жылы облыс бюджеті 11,7 миллиард теңгені құраса, бұл көрсеткіш биылғы жылы 403 миллиард теңгеге жетті, соның 140 миллиард теңгеден астамының өзі бір ғана білім саласына бағытталып отыр, - деді А. Баталов.
Атап өтсек, конкурстық комиссияның қарауына еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам үміткер ұсынылған.