Алматы облысының 57 тұрғыны баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еліміз бойынша кәмелет жасқа толмағандар арасында заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім» шарасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде өз балаларының тәрбиесіне немқұрайлылық танытқан 57 ата-ана жауапқа тартылды. Барлық 57 жағдай бойынша ҚР ӘК 127-ші бабына сәйкес 7 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынды», - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
7 күнде ювеналды полиция қызметкерлері 436 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. 30-дан астам сауда орындарының иелеріне кәмелет жасына толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатқаны үшін айыппұл салынды.
Ойын-сауық орындарында үлкендердің бақылауынсыз жүрген 23 жасөпірім қолға түсті. Түнгі уақытта қыдырған 278 жасөспірім полиция учаскілеріне жеткізілді. Ал 15 жас жеткіншек қаңғыбастық пен қайыр тілегені үшін жасөспірімдері бейімдеу және оқшаулау орталығына жіберілді. Алдын алу шаралары 11-ші қарашаға дейін жалғасады.