Фото: ТЖМ
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өртті ауыздықтау шаралары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің тапсырмасымен кеше кешке өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев барды. Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында құрылған жедел штаб пен министрліктің Командалық орталығынан бір мезгілде жүзеге асырылуда.
Өртті сөндіру үшін алты учаске құрылып, «Терең-Қара» өзенінен су жеткізетін магистральдық желі тартылды. Жұмысқа 6 бірлік техника, соның ішінде автомобиль-сорғы жеңі мен 5 автоцистерна жұмылдырылды. Сондай-ақ өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілген.
Алайда өртті ауыздықтау 10 метр тереңдіктегі бықсумен, өрт жүктемесінің жоғары болуымен және жел бағытының өзгеруімен күрделене түсуде.
Тілсіз жаумен күреске Алматы және Шымкент қалаларынан, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарынан құтқарушылар мен арнайы техника тартылды. Бұған қоса ҚР ТЖМ-нің әскери бөлімдері де жұмылдырылған. Барлығы 200-ден астам маман мен 90-нан астам техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты нығыздау әдісін қолдануда. Бұл тәсіл оттегінің қолжетімділігін шектеп, өрттің толық жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
