30 там, 2017 сағат 18:13

Алматы облысында жаңа мектеп бой көтерді

Жаңа оқу жылы қарсаңында аудан орталығында 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске қосылған білім шаңырағының ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. 

Өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Халықтың пайдалануына беріліп отырған бұл игілік Елбасы саясатының арқасында жүзеге асырылғанын жеткізді. «Осы жылы облыста 49 мың бала бірінші сыныпқа барады. Өңірімізде 35 мектеп салынып жатыр. Соның 27-сін жаңа оқу жылында, қалғанын жыл аяғына дейін ашатын боламыз. Жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отырған сіздер қандай бақыттысыздар. Осындай жағдай жасалуына жауап ретінде жақсы оқыңдар. Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп сіздердің білімді азамат болып қалыптасуларыңа жол ашсын. Ұстаздар мен ата-аналарыңды үнемі үздік бағамен қуантып жүріңіздер», – деді облыс әкімі.

Ата-аналар атынан ардагер ұстаз Алтынжан Нүсіпәлиева Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып отырған облыс басшысына, аудан атқамінерлеріне алғыс айтты. Әсем ғимарат тұрғызып, халықтың игілігіне ұсынған құрылыстың бас мердігері «Риголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сейдула Сарсеков мектеп директоры Серік Тілепбергеновке нысанның символикалық кілтін тапсырды. Ауданның айтыскер жас ақыны Айтуған Жетебаев домбырамен арнау айтты. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаев көпшілікке бата берді. «Жас ұлан» оқушылар үйінің жас бишілері би билеп, бірінші сынып табалдырығын аттағалы отырған бір топ бүлдіршін ортаға шығып, өлең оқыды.

Облыс әкімі Амандық Баталов, мәслихат депутаты Әскербек Абаев және ардагер-ұстаз, ата-ана Алтынжан Нүсіпәлиева лента қию рәсімін орындап, әжелер шашу шашты. Облыс басшысы бастаған құрметті қонақтар мектеп ішімен танысты. Заманауи үлгіде бой көтерген білім ордасына 1 млрд. 924 миллион теңге жұмсалыпты. 15 мың шаршы метр ғимараттың іші қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Екі спортзал бар, оның бірі 168 шаршы метрлік гимнастика залы, екіншісі 648 шаршы метр волейбол, баскетболға арналған. Тиісті пән кабинеттері, кітапхана, шеберхана бар. Мектеп ауласының жалпы жер көлемі 4 гектар құрайды.

Аудан орталығының шетінде кейінгі жылдары жаңа тұрғын үйлер орамының пайда болуымен бірге әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те туындаған болатын. Оны шешудің жолдары біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Соның бірі осы білім ұясының қолданысқа берілуі. Жалпы биыл аудан бойынша бес мектеп ғимараты бой көтерді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ