03 қаз, 2024 сағат 10:32

Алматы облысында ескі жатақхананың іргетасы үгітіліп, сылағы опырылған

Фото: КТК сюжеті

Алматы облысында екі қабатты үйдің тұрғындары баспанасы апатты жағдайда екенін айтып дабыл қағып отыр. Себебі, ескі жатақхананың іргетасы үгітіліп, сылағы опырылған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, тұрғызылғанына 60 жылдан асқан жатақхананың іргетасы үгітіліп, қабырғасы құлап жатыр. Тұрғындар бір күні үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Кезінде жылу электр орталығының жұмысшылары тұрған жатақхана кейін жекеменшікке өткізілген екен. Қазір мұнда айлығы-шайлығына жетпейтін отбасылар тұрады.Осылайша тұрғындар шенеуніктерден көмек сұраған.

Алайда әкімдік өкілдері "қолдан келер шара жоқ" деп отыр. Себебі жекеменшік нысанға тұрғындардың өзі жауапты екен.

Өтеген батыр ауыл округі әкімінің орынбасары Мақсат Орынбасаровтың айтуынша, жатақхана әркімнің өз иелігінде, ортақ кондоминиум мүлігі.

"Қасбетін жөндеуге қаражат бөлініп жатқан жоқ. Дегенмен оны бір түске келтіру үшін тек бояп береді. Аудандық мәслихатта шешім қабылдап. Үйлердің түрі бір түс болуы үшін. Ақша бөлуге ауданның тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі құқылы, бірақ бүгінде ақша бөлінген жоқ", - дейді ол.


Әкімнің орынбасары тұрғындардың өзі жатақханаға сараптама жасатсын деп кеңес берді. Егер соның қорытындысы бойынша үй апатты деп танылса, іс әрі қарай жылжи бастайды дейді.