10 сәу, 2025 сағат 10:35

Алматы мен Сеул арасында бюджетті әуе рейсі ашылды

Фото: Pexels.com

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында алғаш рет лоукостер яғни бюджеттік әуе компаниясының ұшақтары ұша бастады, деп хабарлайды Ult.kz 24kz арнасына сілтеме жасап.

Алғашқы рейс Оңтүстік Кореядағы басты әуежай Инчхоннан шығып Алматыға сәтті қонды. Оңтүстік кореялық лоукостердің ұшақтары Инчхон мен Алматы арасында дүйсенбі және жұма күндері қатынайды. Алғашқы жолаушыларды әуежайдан шығарып салуға әуе компаниясының президенті мен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі келді.

"Қазір екі елге аптасына орта есеппен 15 рейс жүзеге асырылады. Сіздер Алматыға тағы бірнеше рейс қостыңыздар. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді және туризм саласындағы алмасуды арттыруға септігін тигізеді. Саяхатшылар қарасы жыл сайын 12 пайызға өсіп отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш", - деді ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов.


Лоукостер рейсінің ерекшелігі - бортта бизнес-класс орындарының болмауы және тамақтың бөлек ақымен берілуі. Дегенмен, бұл алғашқы жолаушыларға кедергі бола қойған жоқ. Ұшақ сапарлаушыларға толы болды.