Фото: Мақсат ҚҰұсайынов
Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен өнеріміздің мәйегі, қаржы мен кәсіпкерліктің қуатты ортасы болып отырған шаһарымыз Алматының «Қала күні» мерекесі зор мәнге ие. Осы мерекеге орай алып Алатаудың алабындағы айшықты «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнерпаздарының ғасырлардан тартып бүгінгі күнге жеткен ұлттық өнеріміздің асыл жауһарларын паш ететін сырлы әуенді, әсем сазды қойылым-концерттерін 15-21 қыркүйек күндері аралығында қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына тарту етті.
«Қала күнін» атап өтуге арналған мерекелік шаралардың шеруі
15-19 қыркүек күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері «Алматы аялдамасы» атты мерекелік мобильді концертік бағдарламасымен арнайы автобуста қаламыздың тарихи маңызы бар орындары мен негізгі көшелерін аралап шықты.
Қаламыздағы тарихи маңызы бар орындар мен негізгі көшелерін қамтып, этно-мәдени концертпен қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Думанды «Автобус» аралаған мекен-жайлар: «Атакент» көрме орталығында, «Алматы-2» теміржол вокзалы; Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры; Қала орталығы «Арбатта» жалғасын тапты.
20 қыркүйекте Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Асыл Қазына» атты дәстүрлі ән-күйлер негізіндегі музыкалық концерті өткен болатын. Қазақтың тамырын тереңнен тартатын ұлы өнерінің бірі, ғасырлардың алтын арқауы - дәстүрлі әні. Халқымыз арман-аңсарын, қайғы-мұң, сағыныш-шерін, өкініші мен үміт, қуаныш-шаттығын – сан-алуан сезім-күйін осы ғажайып саз бен таңғажайып күйлерінде өрнектеп, ұрпақтан – ұрпаққа жалғады. Сол ғажап мұрамызды насихаттаған концерт «Президент саябағында» өтті. Сахнада Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейіс, Сәуле Жанпейісова, Тілеулес Құрманғали, Амангелді Күзеубай, Талғат Әбуғазы сынды дәстүрлі ән дүлділдері мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары басқа да әнші-күйшілер өнер көрсетті.
20 қыркүйекте дәстүрлі ән-жырларымызды заманауи нақышта орындап, көрерменнің оң бағасын алып жүрген театр әртістерінің «Qazaqsha терапия» театрландырылған жобасының “Ғасырлар үні” атты концерті көрермендер ықыласына бөленді.
21 қыркүек күні «Астана алаңында» Алматылықтарды Қала күнімен алғашқылардың бірі болып атыаңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі құттықтады. Алматы тұрғындары мен қонақтарына арналған «Алматы кеші» атты қойылым-концертте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Еліміздегі ұлттық өнердің ошағына айналған бірегей «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарының рухын көтеріп, айтулы мерекеде дәстүрлі өнерімізді ұлықтап, дәріптеуде.
Асқақ Алатаудың баурайында орналасқан ару қала – Алматы, оның жасыл желекке жамылған көркі барлық отандастарымыздың ыстық ынтазарлығын оятып, мақтанышына айналды. Қаламыздың әрбір тұрғыны қазіргі жасампаз қоғамның «Жаңа Қазақстан» аталатын тарих толқынындағы жаңа беттеріне жазылар жарқын болашағын бірге жасайтын болады.
Ардақ Беркімбай
