Фото: ұйымдастырушылардан
2026 жылғы 7–10 сәуір аралығында Алматы Азияның басты шахмат орталығына айналып, жаңа жаһандық циклге старт берді. Мұнда FIDE және Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) ұйымдастырып, Freedom Holding Corp. бас серіктестігімен өткізіліп жатқан World Schools Team Championship 2026-ның Азиялық континенттік кезеңі басталды. Бұл форматтағы турнир тарихта тұңғыш рет өткізілуде.
2026 жылы төрт құрлық — Африка, Америка, Азия және Еуропа — өз іріктеу кезеңдерін өткізеді. Әр құрлықтың жеңімпаздары желтоқсанда Гранд-финалда кездесіп, мектеп командалары арасындағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Алматы бүкіл циклге старт беріп, 2026 жылды ашты.
FIDE және ISCF 2026 жылды Білім берудегі шахмат жылы деп жариялады. Бұл — шахматтың сыни ойлау, стратегия, зейін шоғырландыру, есте сақтау, тәртіп және командалық жұмыс дағдыларын дамытудағы рөлін атап өтетін жаһандық бастама.
Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворкович турнир қатысушыларына видео үндеуінде былай деді:
«Біздің мақсатымыз қарапайым: шахматты әлемнің барлық мектептеріне енгізу. Біз мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесеміз, халықаралық ұйымдармен ынтымақтасамыз, мектеп турнирлерін және конференциялар өткіземіз. Шахмат — бұл жай ойын емес, оқыту мен тұлғалық дамудың маңызды құралы. Алматыдағы жарыс — жай кезең емес. Мұнда білім беру воркшоптары мен мастер-класстар да өтеді. Осы мүмкіндіктерді толық пайдалануларыңызға үміттенемін!»
Қазір FIDE президенті Аркадий Дворкович Кипрде — әлемдік шахмат күнтізбесіндегі ең беделді турнирлердің бірі — 2026 жылғы Претенденттер турнирінде. Онда әлемдік шахмат жұлдыздары әлем чемпионына қарсы шығу құқығы үшін күресуде. Олардың қатарында қазақстандық Бибісара Асаубаева да бар. Ал Алматыда Тимур Турлов мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатының Азиялық кезеңін ашты — болашақ әлемдік шахмат жұлдыздары дүниеге келетін турнирді.