Алматы ауруханасында атыстан жарақат алған полицей қайтыс болды, — деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Бұл мәліметті Алматы ІІД баспасөз қызметінің өкілдері хабарлады.
«Бүгін, 19.07.2016 жылы, 13.45-те аурухананың жансақтау бөлімінде жол-патрульдік полициясының мамандандырылған батальоны қызметінің аға инспекторы полиция лейтенанты 25.07.1986 жылғы Тимур Бегасылов қайтыс болды. Ол жол-патрульдік полициясының өзіндік қауіпсіздік экипажының құрамында Абылай хан даңғылында қызметін атқарған. Азамат Руслан Күлекбаевтың заңға қайшы әрекетіне тойтарыс беру кезінде Тимур Бегасыловқа оқ тиген. ЖМКА-ға полицей аса ауыр жағдайда түсті. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін барын салып күресті», — делінген хабарламада.
Полиция лейтенанты Бегасылов Тимур Тілеуұлы құқық қорғау органдарында 2015 жылдың қаңтарынан бастап қызмет еткен.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарынашабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда «Жедел ұстау» арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды», — делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты теракт деп атаған болатын.
Сондай-ақ, алматылық атқыштың терактіге дейін адам өлтіргендігі анықталды. ІІМ басшысының айтуынша, күдікті жезөкшені өлтірген. Бұрындары екі рет сотталған 1990 жылғы Руслан Күлікбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кек алғысы келген.
Терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден берілетін болды.