11 там, 2017 сағат 11:50

Алматы әкімі қаланың жол инфрақұрылымын қайта жасау барысын тексерді

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың жол инфрақұрылымын салу және қайта жасау барысын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бауыржан Байбек Әуезов көшесі бойымен Тимирязев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі 3,6 шақырымдық аумақты жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бұл учаскедегі жөндеу жұмыстары 12 тамызда аяқталады деп жоспарланған.

Биыл қалада 146 км жол жөнделіп, 97 мың шаршы метр тротуар абаттандырылады. Сондай-ақ, қалада BRT мен Орбитадан Көкбазарға дейінгі аумақты қамтитын 21 шақырымдық велодәліз құрылысы жүріп жатыр.

Автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша Желтоқсан көшесінің Тимирязев көшесінен Төле би көшесіне дейінгі 2,3 шақырымдық бөлігі сонымен қатар Төле биден Райымбек даңғылына дейінгі 2,08 шақырымдық бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Алматының әкімі Өтепов көшесі бойымен Розыбақиев көшесінен Атакент көрмесіне дейінгі аумақты жөндеудің сапасын да тексерді. Аталған нысанда трамвай рельстері алынып, асфальтбетон төселген, жаңа велосипед аймағы пайда болған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша бұл учаскеге он күн ішінде жол белгілері қойлатын болады.

Қала басшысы жұмыс сапары барысында Торайғыров және Каблуков көшелерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Алматы әкімі жол инфрақұрылымын салу мен қайта жасауда жаяу жүргінші аймақтарына жете назар аудару қажеттігін қадап айтты.

Айта кетейік, жыл аяғына дейін 102 өтпелі жол қайта жасалып, жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Автобустар мен троллейбустар жолақтары 100 километрге дейін ұзарады. Ақылы көлік тұрағының санын 10 мың орынға жеткізу көзделіп отыр. Ал, 1 700 велосипеді бар велобекеттер саны 200-ге дейін жететін болады.

Сонымен қатар, Фурманов, Абай, Хмельницкий көшелерін үңгілеу және бірнеше жолайрықтарын салу жұмыстары да жалғасуда.

Жыл аяғына дейін 500 ауланы жөндеу және қайта жасау жоспарланған.

Бұлардан өзге жаяу жүргіншіге басымдық беру үшін қайта жаңарған Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңына кеспе тас төсеу, жасыл желек отырғызу, кіші архитектуралық формаларды орнату, спорт инвентарьларын, балалар алаңдарын жасау, веложолдарды абаттандыру, ғимараттардың сыртқы көрінісін жаңарту жұмыстары жоспарланған.