08 қаз, 2016 сағат 12:17

Алматы әкімдігі жолақы бағасы көтеріледі деген ақпаратты жоққа шығарды

 - Алматыда жолақы бағасы көтерілмейді. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов хабарлады.

Ол атап өткендей, заңнамаға сәйкес, аталған мәселені қарастыру құзыретіне қалалық мәслихат ие.  

«Тасымалдаушы компаниялар жергілікті атқарушы органдарға тарифті көтеру жайын қарастыру жайлы жиі өтініш білдіреді. Алайда, оны қарастырмас бұрын, компаниялар кіріс пен шығыс, жанар-жағармайға, қызметкерлердің жалақысына, қосалқы бөлшектерді сатып алуға кеткен шығындардың есептері мен сметаларын, сонымен қатар табыс көлемін көрсетуі тиіс.  Жолаушылар санын есептеп, табысты және аса табысты емес бағыттарды анықтауы тиіс», - дейді  Мақсұт Исахов. 

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, аталған статистиканы соңғы екі аптада 18 тасымалдаушы-компанияның 5-уі ғана тапсырған.

«Компаниялардың көбі бұл мәселені көтермейді, яғни олардың жағдайы жаман емес. Алайда біз барлығын жіті тексеруіміз керек. Бұл ауқымды шаруа. Сондықтан азаматтарға айтатыным, қазір тарифті өсіру мәселесі қаралып жатқан жоқ», - деп түйді Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Осыған дейін бірқатар БАҚ-та Алматыда қоғамдық көліктегі жолақы тарифі өсуі мүмкін деген ақпарат пайда болған.