Алматыға жауған қар қалыңдығы 80 сантиметрге дейін жетті. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қарашаның 16-20-сы аралығында қалаға жауған қардың қалыңдығы 60-тан 80 сантиметрге дейін жетті. Бұл орташа айлық нормадан үш есеге артық. Осыны ескере отырып, қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары күшейтілген режімде жүргізілуде. Толықтай алғанда, қар тазалау жұмыстарына қаланың барлық коммуналдық шаруашылықтары, Төтенше жағдайлар департаменті, Энергетика басқармасы, аудан әкімдіктері күні-түні жұмылдырылды», - деді ол.
Алматы әкімінің айтуынша, күн сайын қар тазалау жұмыстарына 760-тан астам техника мен 1600-ден астам жұмысшы жұмылдырылуда.
«Бұған қоса, қосымша қала кәсіпорындарының 128 техникасы мен 5 мыңға дейін адам тартылды. Ең біріншіден, жолдарды, әлеуметтік-әкімшілік нысандарды, адамдар көп жиналатын әуежай, вокзал, сауда орталықтары, базарлар маңын қардан тазарту шаралары қолға алынуда», - деді Байбек.
Сонымен қатар ол қала көлемінің үлкендігіне және ірлегес жақтан елді мекендердің көптігіне байланысты қарды далаға шығару барысында қиындықтар туындап отырғандығын да атап өтті.
«Соңғы 4 тәулікте 95 мың текше метр қар түсті. Бұл өткен қыста түскен қардан әлдеқайда көп. Апта ішінде біз 250 мың тоннаға дейін қар шығаруды жоспарлап отырмыз. Жұмыстар күндіз және түнгі уақытта күшейтілген ауысыммен жүргізіліп жатыр. Ауа райын ескере отырып, қар шығару жұмыстарын үздіксіз жүргізу мақсатында жергілікті бюджеттен осы аптада қосымша 400 млн. теңге бөлінетін болады», - деді қала әкімі.