Археологиялық қазбаларға сипаттама жазып отырған Әлкей Марғұлан. 2019 жылы тамыз айында ашылған Орталық мемлекеттік музейдегі көрмеге қойылған суреттердің бірі.
Сталиндік қуғын-сүргін мен идеологиялық қысым қазақстандық археологияның негізін салушы және халық эпостарын зерттеуші, академик Әлкей Марғұланды да айналып өтпеді. Ғылыми ортада кеңінен танылған Марғұланды кезінде "буржуазиялық ұлтшыл" деп те айыптады. Биыл туғанына 115 жыл толған ғалым жайлы әлі толық зерттелмеген деректер жетерлік.
Әлкей Марғұлан ғылымға идеологиялық қысымның күшейіп тұрған кезінде келді. ҚазССР халық ағарту комиссариатында бір жыл жұмыс істегеннен кейін студенттік шағын өткізген Ленинград қаласына мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасында оқуға (1920-жылдардың соңы – 1930-жылдардың басында Марғұлан Ленинградтағы үш бірдей оқу орнында оқып, жан-жақты білім алған) барады. Билік қысымына алғаш рет осы кезде ұшырайды.
Әлкей Марғұлан Ленинградта 1938 жылдың соңына дейін оқып, жұмыс істеген. Қазір академик жайлы көптеген өмірбаяндарда оның осы қалада тұтқындалып, психиатриялық емханаға жатқызылғаны жазылып жүр. Ғалым өміріндегі бұл дерек туралы алғаш рет 1998 жылы жарық көрген Әлкей Марғұланның 14-томдық шығармалар жинағының бірінші томында жарияланған академиктің қызы Дания Марғұланның мақаласында кеңінен айтылады.
Дания Марғұланның айтуынша, әкесі түрмеге 1935 жылы жабылған.
- Әкем бұл туралы әңгіме қозғамайтын. Тек бірде түрмеде отырғанын айтып қалды. Біз ауыр күрсіндік, - дейді ғалымның қызы.
1998 жылғы мақаласында Дания Марғұлан әкесінің тұтқындалуына "ұлттың мәдениет мәселелеріне қызығушылық танытқаны" себеп болса керек деп топшылаған.
Бұл пікірмен Әлкей Марғұланның досы — мәскеулік археолог Леонид Кызласов та келіседі. "Бүгін біз сол жылдары Әлекеңнің өміріне туған халқына деген сүйіспеншілігін жасыра алмауы үлкен қауіп төндіргенін түсініп отырмыз. Оның жаулары осыны пайдаланды" дейді ол.
Әлкей Марғұлан Ленинградта жүргенде бұрынғы "Алаш" қозғалысының өкілдерімен байланыста болған. Бұл арнайы қызмет өкілдерінің назарын аударса керек. Әртүрлі ақпарат құралдарында жарияланған ескі суретте Әлкей Марғұлан қазақ зиялыларының алты бірдей өкілі: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуэзов, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасовпен бірге отыр. Аталған зиялылардың біразы большевиктер түбіне жеткен "Алаш" қозғалысының белсенді өкілдері болған. Көп ұзамай суреттегі алты азамат қуғын-сүргінге ұшырады (төртеуі 30-жылдары атылып, екеуі түрмеге түскен).
Әлкей Марғұлан зиялы қауым өкілдері арасында. Солдан оңға қарай (отырғандар): Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтурсынұлы, Мұхтар Әуэзов. Тұрып тұрғандар: Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов. 1928 жылға дейінгі кезең.
Ленинградта оқып жүрген кезде Әлкей Марғұлан "Алашорда" басшыларының бірі Әлихан Бөкейхановпен жақын араласқан. Ғалымның өмірбаянын зерттеуші Сұлтан-Хан Аққулы бір еңбегінде 20-жылдардың екінші жартысында Әлкей Марғұлан Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтеріне жиі қонаққа барып тұрғанын жазады. Совет одағы үшін қауіпті саналатын тұлғамен жиі кездесу оның таныстарының басына қара бұлт үйірді.
Марғұлан 1961 жылы жазған өмірбаянында дертке шалдыққанын айтып, тұтқындалғаны туралы фактіні елеусіз қалдырған. Ғалым "Аспирантурадағы оқуыма байланысты үздіксіз жұмыс денсаулығыма зардабын тигізді. Сырқатымнан айығу үшін бір жыл бойы аурухана мен шипажайда ем қабылдауға тура келді. Денсаулығымды түзетіп, кандидаттық диссертация жазуға қайта кірістім" деп жазады.
Әлкей Марғұлан Алматыға 1938 жылдың желтоқсанында оралған. Бұл кезде қуғын-сүргін қыспағынан босай бастағанымен, ғылыми зерттеу жүргізуге қолайлы жағдайы болмаған.
ЕДІГЕ ЭПОСЫН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ БИЛІК ҚЫСЫМЫ
1943 жылы Әлкей Марғұлан "Ярлыктар мен пайцзенің тарихи мәні" ("пайцзе", "пайцза" – билікті үлестіру белгісі – ред.) тақырыбында - кандидаттық, ал 1945 жылы "Қазақ халқының эпикалық жырлары" атты докторлық диссертациясын қорғайды. Бұл еңбектерден ғалымның әртүрлі тақырыптарға қызыққанын көруге болады. Марғұлан эпикалық жырларды 1930-жылдардан бастап зерттей бастаған. 1938 жылдан бастап осы тақырыпта қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мақала жариялаған. 1940 жылы оның "Едіге және Орақ Мамай" деген мақаласы шықты.
1944 жылдың тамызында Мәскеуде бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитетінің "Татар партия ұйымындағы жаппай саяси және идеологиялық жұмысты жақсарту шаралары" атты қаулысы шықты. Қаулыда тарих туралы жазылған еңбектерде "ұлттық сипаттағы кемшіліктер мен қателіктер" (Алтын Орданың рөлін асыра көрсету, Идегей [Едіге атының татар тіліндегі нұсқасы] туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттау) бары айтылған. Бұл алтынордалық қолбасшы Едіге туралы батырлар жыры кеңінен таралған өңірлердің эпос зерттеушілерін қиын жағдайға қалдырды. Олардың қатарында Поволжье татарлары ғана емес, қазақтар, қырғыздар, қырым, барабинский, таранчинский, сібір татарлары, ноғайлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер мен таулық алтайлықтар болған.
Бір жылдан кейін Қазақ ССР-не Мәскеуден СССР жазушылар одағы мен насихат басқармасынан жұмыс тобы келген. Қазан айында жұмыс тобы бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитетінің хатшысы Г. М. Маленковке баяндамалық хат жолдап, тарих пен әдебиет тақырыбында жазылған еңбектерде "кемшіліктер мен қателіктер" кездесетінін жазған. Бұл хатта Әлкей Марғұланның аты бірнеше рет аталған.
Хатта "Қазақтың бірқатар тарихшылары мен әдебиеттанушылары Алтын Орда мен Едігенің рөлін асыра бағалайды. 1944 жылы Ғылым академиясының қазақ бөлімі дайындаған "Тарихи жинақта" шыққан жолдас Марғұланның "Ер-Едіге" мақаласында "Едіге – Алтын Орда дәуіріндегі ең ерекше тұлғалардың бірі. Едіге бүкіл өмірін Отанына арнаған. Сондықтан оның есімі қанша ғасыр өтсе де, ұмытылмай келеді" деген жолдар кездеседі" делінген.
Хат авторлары сонымен бірге "Бүкілодақтық Коммунистік партия орталық комитетінің “Татар партиялық ұйымында жаппай саяси және идеологиялық жұмыстарды жақсарту шаралары" туралы қаулысында Едіге эпосының хандық-феодалдық негізі бары көрсетілгеніне қарамастан, әдебиеттанушылардың бірқатары 1945 жылы Едіге туралы мақтау өлеңдер жазуды тоқтатпаған ("Ар" өлеңдер жинағы, 27–28 бет)" деп жазған.
Мәскеуден келген жұмыс тобы бұл "олқылыққа" бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитеті Қазақстандағы бөлімінің насихат бойынша хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовты кінәлаған. Хатта Әбдіхалықовтың тарихи фактілерге қарамастан, "бізде, яғни, Қазақстанда татар халқынан бөлек, басқа Едіге болған" дегені айтылады.
Бұл сөйлем Әлкей Марғұланның 1944 жылы Мәскеуде қаулы қабылданғанға дейін жазған қазақ батырлар жыры туралы докторлық диссертациясын 1945 жылы қорғау себебін түсіндіреді. Соған қарағанда Қазақ ССР-ының бас идеологы, батырлар жырын зерттеуге қолдау көрсетіп, демеу болған сияқты.
Қазақ эпостық жырларын терең зерттегені үшін Әлкей Марғұланға берілген марапат қағазы.
ҒАЛЫМҒА ҚАРСЫ НАУҚАН
Марғұланға қарсы айыптаулар 1947 жылы күшейді. "Қазақстан большевигі" журналының сол жылдағы бірінші санында эпос туралы қалай дұрыс жазу керегін "түсіндіретін" мақала шықты. Онда партия қызметкері Б.Степанов эпос кейіпкері Едігені "орыс халқының жауы" деп атап, Марғұланды Едігеге қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін қосып жазғаны үшін айыптаған. Автор "Марғұлан осы арқылы тарихты бұрмалап, жалған сөйлеп отыр" деген қорытындыға келген.
1947 жылы ақпанда Қазақ академиялық драма театрында ғылым, әдебиет және өнер саласы қызметкерлерінің партия және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесуі өткен. Онда "өрескел саяси қателіктер" туралы сөз болған. Жиынға қатысушылар Әлкей Марғұланды да сынаған. Партияның қалалық комиссиариатының хатшысы Жүсіпбеков Марғұланды "орыс және қазақ халқын кеудесінен басқан Едігені мақтағаны және "Қазақ тарихындағы ең үздік кезең Шыңғысханның тұсында болды" деп жазғаны үшін айыптаған.
1947 жылы наурызда "Казахстанская правда" газетіне М. Ахинханов және Б. Тұрсынбаевтың "Профессор М. Марғұлан тарихты бұрмалап жатыр" деген мақаласы басылған. Материалда негізінен қалалық комиссариат хатшысының сөзінде айтылған айыптаулар толықтырылып, кеңінен берілген. М.Ахинханов мұндай мақаланы біріші рет жазбаған. Ол - 1937 жылы "Казахстанская правда" газетінде жарық көрген Санжар Асфендияровқа қарсы "Тарихшы рөліндегі жапон тыңшысы" деген мақала авторларының бірі. Осы мақаладан кейін бір жыл өткенде Асфендияровты "контрреволюциялық қызметі" үшін айыптап, ату жазасына кескен.
Қазақ ғалымдарының "қателіктерін" сынаған "Казахстанская правда" газетінде жарық көрген мақала. 7 ақпан 1947 жыл.
Келесі жылдары батырлар жыры туралы "дұрыс жазбағаны үшін" Әлкей Марғұланның аты республикалық басылымдарда жиі көрініп жүрді. Ол 1946 жылдан бастап археологияға біржола бет бұрып, эпостарды зерттеуді қойды. Бірақ қысым азайған жоқ.
Алты жыл бойы "саяси қателігі үшін" (1947–1953) қоғамдық талқылаудан түспеген Әлкей Марғұланның жүйкесі жұқарып, Ғылым академиясындағы қызметінен босатылған. Ғалымның қызы Дания Марғұланның айтуынша, 1952-1955 жылдар аралығында әкесі академияда жұмыс істемеген.
Тарихшы Ж.О.Артықбаев "Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің тарихи мұрасы" атты кітабында тарихшы Ермұхан Бекмахановты қудалау жылдары (1951 жыл) Әлкей Марғұланның тұтқында болғанын жазған. Әлкей Марғұланның қызы әкесінің тұтқында болған уақыты туралы ештеңе білмейтінін айтты.
Дания Марғұлан (оң жақта) Әлкей Марғұланның 115 жылдығына арналған көрмеде. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Мәскеулік археолог Леонид Кызласовтың пікірінше, Әлкей Марғұланның "Қазақ халқының эпостық жырлары" атты диссертациясы қолжазбасының жалғыз нұсқасы Ленин кітапханасы қорынан "дер кезінде" жоғалып кетіп, ғалымның басы аман қалған. Бірақ қолжазбаның жоғалғаны туралы дерек расталмаған. Азаттық тілшісі Кызласовтың бұл сөзін Дания Марғұланға айтқанда, ол таңданысын жасыра алмады.
— Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенімде, Ленин кітапханасы қорынан диссертацияның сурет көшірмесін алдым. Диссертацияны жарияланған еңбектердің ішінен табуға болады (ғалымның 14-томдық шығармалар жинағында бар — А. А.), - деді ол.
"ТАРИХТЫ БҰРМАЛАУ". 1953 ЖЫЛҒЫ ЖИЫН
Батырлар жырын "дұрыс жеткізбеген" ғалымдарды қоғамдық сынау 1953 жылы 11-15 сәуірде Алматыда өткен жиынға ұласқан. Оған сол кездегі Ғылым академиясының президенті Дінмұхамед Қонаев, Қазақстанның 30 ғалымы мен Ресейден келген бірнеше адам қатысқан.
Ұзақ жылдар бойы бұл жиында айтылған әңгімелердің мазмұны қалың оқырманға жетпеді. Қазақ ССР Ғылым академиясы шығаратын "Хабаршы" журналының 1953 жылы сәуір айындағы санында сол жиында сөйлеген М.Ғабдуллин мен Н.С.Смирнованың сөзі мақала түрінде берілген. 2007 жылы Файзолла Оразаевтың еңбегімен осы жиында жасалған барлық баяндамалардың стенограммасы жеке кітап болып басылып шықты. Кітап "Бұл қайталанбауы керек" деп аталады.
Стенограмма мазмұны жиында ғылымнан мүлде алыс тақырыптар қозғалғанын дәлелдейді. Жиында бірқатар зерттеушілерге марксистік-лениндік оқудан алшақтағаны үшін айып тағылған.
Негізгі айыптаушы рөлін Мәлік Ғабдуллин атқарған. Ол жаңа идеологиялық нұсқауларды жақсы меңгеріп, әріптестерін "саяси асыра сілтеушілігі" үшін сынайтын эпос тақырыбы бойынша маман саналған. Ғабдуллин сол жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет және тілтану (1946–1951), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (1953–1963) басқарған. Қоғам алдында бұрын "қателік" жібергенін айтып, өкініш те білдірген.
Ғабдуллин өз қарсыластарын (ол әдетте Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Исмаилов, Бейсембай Кенжебаевты сынайтын) "қазақ эпостарының тарихы туралы қате, антимарксистік бағытта жазғаны және осы "қателікті" бәрі бірауыздан сынамағаны үшін айыптаған.
Стенограммадан Әлкей Марғұланның өзіне тағылған айыптауларды ішінара әділетті деп танып, неге "қате" жібергені туралы түсіндіруге талпынғанын көреміз. Ол патша дәуірінде қазақ эпосын негізінен белгілі орыс ғалымдары зерттеп, олар әртүрлі тұжырымдар қалдырғанын айтқан. Өз "қателіктерінің" түп-тамырын ғалым көп жылдар бойы советтік ғалымдар мойындап келген Александр Веселовский мен оның мектебін үздік етіп көрсетумен байланыстырған.
Бұл туралы ғалым "Бүкілодақтық коммунистік партия орталық комитетінің Татар облыстық комиссариатының жұмысы туралы қаулысынан кейін мен адал адам ретінде бұрын сынға ұшыраған ескі қателерімді қайталай алмадым. Осы қаулыдан кейін жарияланған мақалалар әлдеқайда бұрын 1942–1943 жылдары жазылған. Бірақ араға 3–4 жыл салып, түзетусіз жарияланды" деп жазады.
СӘТБАЕВҚА ҚАРСЫ НАУҚАННЫҢ КЕСІРІ МАРҒҰЛАНҒА ТИДІ
Америкалық Джордж Мейсон университетінің зерттеушілері құрған сайтта цифрлық форматқа ауысқан советтік архив құжаттарының ішінде 1950-жылдардың басында Әлкей Марғұланның жағдайы қиын болғанын сипаттайтын деректер кездеседі. Қазақ тарихшысы және партия мүшесі Тілеуқажы Шойынбаев 1950 жылы қазан айында Бүкілодақтық коммунистік партия хатшысы М. А. Суслов пен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.Ф. Шкирятовтың атына Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен оған дәстүрлердің, туыстық қарым-қатынастың қалай әсер еткені туралы хат жазған.
Қаныш Сәтбаевқа қарсы ұйымдастырылған хатта оған "ірі бай-феодал отбасынан шыққан”, "Алаш" партиясының белсенді мүшесі болған", "Ғылым академиясында рушылдық пен тамыр-таныстыққа жол берген”, “бірнеше әйел алған” деген айыптаулар тағылған. Шойынбаев бұл айыптауларға Әлкей Марғұланды да қосып, ғалымды "буржуазиялық ұлтшыл" деп атаған.
Академик Қаныш Сәтбаев. 1944 жыл.
Хатта "Сәтбаевтың күйеу баласы Әлкей Маргұлан 1946 жылы Сәтбаевтың көмегімен "Қазақ эпосы" тақырыбында докторлық диссертация қорғап, онда Алтын Орданың әскери қолбасшысы, моңғолға салық төлеген жылдары орыс халқын қырып салған Едігені асыра мақтайды. Буржуазиялық ұлтшыл Марғұлан Сәтбаевтың көмегімен Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған" делінген.
Марғұланның әйелі Раушан Сәтбаева медицина ғылымдарының докторы, онколог дәрігер болған. Ол - Қаныш Сәтбаевтың аталас ағасы Әбікейдің қызы.
Шойынбаевтың хаты — Қаныш Сәтбаевқа қарсы ұйымдастырылған науқанның бір эпизоды ғана. Осы науқанның нәтижесінде 1951 жылы қарашада Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясының президенті және президиум мүшесі қызметінен босатылған. Бұл науқанның кесірі Сәтбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған ғалымдарға, оның ішінде Әлкей Марғұланға да тиді.
ҒЫЛЫМҒА ОРАЛУ
Сталиндік мемлекеттік басқару машинасының жұмысы тоқтағаннан кейін совет одағындағы ғалымдардың өмірі қалыпты жүйеге түсе бастады. Тарихшы Ермұхан Бекмаханов ісі бойынша жауапқа тартылғандар Сталин өлгеннен кейін мерзімінен бұрын босап, ғылыми еңбектерін жалғастырды. Әлкей Марғұлан да ғылымға қайта оралды.
— Әкем тәулігіне 16 сағат жұмыс істейтін. Ол қонаққа немесе киноға баратын қарапайым адамның өмірін көрген жоқ. Уақытын мұндай істерге жұмсамайтын. Тек өз жұмысымен ғана айналысатын, - дейді ғалымның қызы.
28 жыл бойы –1946 жылдан 1974 жылға дейін - Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясын басқарды. Экспедиция Жетісу, Оңтүстік және Батыс Қазақстандағы көне қалаларды тапты. Бұл көп советтік тарихшылардың "Қазақстанда қала мәдениеті болмаған" деген пікірін жоққа шығарды. Әлкей Марғұланның археологиядағы тағы бір жаңалығы – Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті. Қазір археология институтына Марғұлан аты берілген.
Әлкей Марғұлан басқарған ғалымдар тобы этнограф, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы деректер жинаған. Нәтижесінде 1961–1972 жылдары аралығында Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Әлкей Марғұланның өмірі мен еңбек жолы туралы ғалымның көзі тірісінде де біраз жазылды. Марғұлан дүние салғаннан кейін де жарық көрген еңбектер бар. Ғалымның 80-жылдығына арнап Қазақ ССР Ғылым академиясы Марғұлан туралы брошюра шығарған. Дегенмен Әлкей Марғұлан туралы барлық дерек жинақталған көлемді еңбек жоқ.
Алексей Алазаров,
Азаттық
10014 рет оқылды