26 там, 2021 сағат 19:02

Алина Солодухина Паралимпиадада бесінші орын алды


Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық Алина Солодухина пара пауэрлифтингтен сайысқа түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол әйелдер арасында 45 келі салмақта ел намысын қорғады. Сайыс барысында Алина үш мәрте жарыс жолына шықты. Нәтижесінде оның көрсеткіші 83 келіні шамалады. Осылайша тоғыз спортшының арасынан бесінші орынға табан тіреді. 

Аталған салмақта нигериялық Латифат Тиджани 107 келі салмақты бағындырып, алтын медаль алды. Екінші орынды қытайлық Цуйге Чже (102 келі) бұйырса, қола жүлдені польшалық Юстина Коздрик (101 келі) еншіледі.

Бұған дейін қазақстандық Давид Дегтярев ерлер арасында 54 келі салмақта чемпион атанған еді.

Айта кетейік, Токио Паралимпиадасы 5 қыркүйекке дейін созылады. Аталған жарыста еліміздің атынан барған 26 спортшы спорттың 7 түрінен сынға түседі.

Сондай-ақ, 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Зульфия Габидуллина еркін әдіспен 100 метрге суға жүзуден чемпион атанса, сол жолы Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіде күміс жүлде алды.