Жергілікті атқарушы биліктің көрнекті Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханға Семейде ескерткіш орнатылатынын дабыралатқанына бірнеше айдың жүзі болған. Тіпті ескерткішке лайықты орынды аспалы көпірдің астынан «таңдай жаздап», таңдай қақтырғанын да ешкім ұмыта қойған жоқ. Құдай сақтап, Алаш көсемінің ескерткіші, әйтеуір, қала орталығында асқақтап тұратын болды. Жеңіс саябағымен жапсарлас жатқан Ленин көшесіндегі скверде 22 қыркүйекте ескерткіш салтанатты түрде ашылатыны хабарланды.
Алайда өткен апта ортасында осы ескерткіштің құрылысына, орнатылуына жауапты қала әкімінің орынбасары Н.Шарова бастаған шағын топ арнайы жиылғанымен, сөзі бір жерден шықпай, сквер ішінде біраз күйіп-пісіп әуреге түсті. О баста осынау көпшілік орынға кіріп келгенде төрден көрініп тұруға тиісті Әлихан ескерткіші енді қырын қарап тұрмақ. Семей қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақтияр Сәлімов оның себебін о баста таңдалған орынның астында су құбыры тартылғандығын, егер орын қазылып, құрылыс жұмыстары жүре бастаса, оған зақым келуі мүмкін екендігімен түсіндірді. Бірақ мәселе басқада секілді. Шағын топтың талқысынан тағы бір белгілі болғаны – облыс әкімі Даниал Ахметов Семейге келген сапарында орталық саябақтың сырт жағынан кіргенде Шәкәрім ескерткішінің теріс қарап тұрғанын көріп, сын айтып кеткен екен. Яғни көпшіліктің демалыс орындарындағы ескерткіш қырынан орнатылса, қатарлас жатқан екі жақ көшеден ағылып келетін халықтың аялдап қарауына да қолайлы болмақ көрінеді.
Облыс әкімінің ескертпесін естеріне алған семейлік атқамінерлердің ойласа келіп тоқтаған орнына қарап, «қырынан қойсақ құда да тыныш, құдағи да тыныш» деген ишараны аңғардық. Бұл, бір жағынан, қатарлас жатқан Ш.Уәлиханов пен Қабанбай батыр көшелерінің аралығындағы скверге келушілер үшін де тиімді болатыны рас. Бірақ та Әлихан ескерткішіне қатысты шенеуніктер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің пікірталасы Қожанасырдың пеш салғанын еске түсірді. Қожекеңнің пеш салып жатқанын көріп, төрт көршісі кезегімен келіп ақыл айтып, пештің ауызғы бөлігін бұздырып, әрқайсысы өз жағына бұрғыза беретіні бар еді ғой. Ақыры ақыл тыңдаудан мезі болған әпенді пешін арбаның үстіне салып тыныпты. Яғни пештің аузын желдің бағытымен қай жағына бұрса да өз қалауында. Атқамінерлердің Әлихан ескерткішіне қатысты іс-әрекеттері де соған ұқсайды.
– Біз бұл тұрғыда көп іс атқардық. Аспалы көпірдің астында қалдырмай орталыққа әкелу үшін де көп тер төктік. Ескерткіштің ашылуы 22 қыркүйекке белгіленді. Бұл үкімет жоспарындағы іс. Болашақта ескерткіштің төңірегі «Алаш аллеясы» деген атауға ие болады, – деді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.
Ескерткіштің орны қазылып, тиісті жұмыстар енді басталмақ. Бір айдан аз уақыт ішінде тұғыртас қойылып, ескерткішті орнатып үлгеретініне қала басшылығы сенімді. Оны жүзеге асыру «Еңбек Өскемен» серіктестігіне жүктелген. Ал белгілі мүсінші Бақытбек Мұхамеджановтың қолынан шыққан биіктігі 3,5 метр қоладан құйылған ескерткіш Астанада дайын тұр. 1,8 метр биіктіктегі постаменті граниттен жасалыпты. Ескерткішке жұмсалған қаржы – 31 млн 987 мың теңге.
Дегенмен кеңестік одақтың отарлаушылығынан қалған сананы «рухани жаңғырту» үшін әлі де атқарар шаруа шаш етектен. Әлихан Бөкейханның ескерткіші кеңестік көсем – Ленин көшесінен менмұндалайтыны да тәуелсіздік үшін күрескен тұлғамызға деген құрметіміздің әлі де құлдықтың көлеңкесінде шынтақтап жатқанымызды көрсететіндей. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аққожинаның айтуынша, Ленин көшесі жыл соңына дейін «Мәңгілік ел көшесі» болып өзгертілетін болады. Бұл тұрғыда тиісті шешім шығару қалалық мәслихаттың қарауына жіберілген.
ӘКІМ ӘЛИХАН КӨШЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ УӘДЕСІН ОРЫНДАҒАН ЖОҚ
Қала шенеуніктерінің Алаш арыстарының атын ардақтап, ісін насихаттауға келгенде жалтақтық пен жалпақшешейлікке жол беретіні өз алдына, берген уәдесін орындай алмай өтірікші атанатыны да шындық. Алаш көсеміне ескерткіш орнатылатын күн жақындаған сайын Комсомол кентіндегі Әлихан Бөкейханның атындағы көше де еріксіз ойға оралады. Арнайы барып көшенің көрінісіне куә болғанымызда көңіл құлазып сала берді. Өйткені өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін болып, ақыр соңында жетім қыздың тойындай болған Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы басталарда Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бұл көшеге жарық тартылып, асфальт төселетінін айтып, жалпақ жұртқа жар салған болатын. Алайда қала әкімінің Әлихан мерейтойының «буымен» айтқан бұл уәдесі мысқалдай да орындалмапты. Тұрғындардың қайсысын әңгімеге тартсақ та айтатындары – жарықтың атымен жоқтығы.
– Әкім Сәлімовтің осы көшеге жарық тартылатынын айтқаны құр сөз болып қалды. Сол баяғы тас қараңғылықпен әлі отырмыз. Бұл көшеде тұратындар өз ауласындағы бағандар басына, енді бірі есік маңдайшасына орнатқан электр жарығымен жан сақтап отыр. Біздің Әлихан мерейтойынан көп үміттенгеніміз рас. Бірақ кеңес заманынан қалған ағаш бағандар ауыстырылған жоқ, – дейді осы көшенің төменгі жағында тұратын зейнеткер Құмаржан Жанділдинов.
Бұрын Фестивальная аталған көшенің Әлиханның атына ауысқанын айғақтайтын тақтайшалар да әрқилы жазылыпты. Бір үйдің қабырғасынан «А.Бөкейхан көшесі» көзге түссе, енді бірінен орысша-қазақша атауларымен қатар тұрғанын да көрдік. Көбін тұрғындардың өз қалауымен жаздырып ілдіргенін тақтайшалардың әртүрлі форматынан аңғаруға болады. Тіпті бір үйдің қабырғасынан «көшесі» деген жазудың тігінен түсірілгенін де көзіміз шалды. Сөз жоқ, қалалық ономастикалық комиссияның көше атауларының жазылу тәртібін бақылауға немқұрайды қарайтындығының бір дәлелі бұл. Бас-аяғы 100 үйге де жетпейтін көшенің мәселесі аз еместігіне жүрген сайын көзім жете түсті.
– Бұл көше тұрмақ, бүкіл Комсомол кентінен балалардың ойын алаңын таппайсыз. Бәрінің баратыны – мектеп ауласындағы футбол алаңы. Ал ойын алаңы жоқ. Жарық жоқтықтан біздің көшенің төменгі жағына ымырт түсе қаңғыбастар мен маскүнемдер жиналып, түн ортасы ауғанша ұйқы бермейді. Көшеде асфальт жоқтықтан айналаны көктемде лай-батпақ басып, көлшіктерден жүрер жер таппай қиналамыз, – дейді Ә.Бөкейхан көшесінің тағы бір тұрғыны Альмира Әзімханова.
Бұл – Әлихан Бөкейхан атындағы көшеде ғана белгілі болған бірер мәселе. Ал Комсомол кентіндегі жалпы әлеуметтік мәселелердің өзі бір көштің жүгі десе де болады. Су жүретін колонкаларға судың берілуі тоқтатылыпты. Бұл кентте бұрыннан тұратындар, оның өзінде шамасы жеткендері өз үйлеріне су тарттырып алған. Ал жаңадан көшіп келгендер қашықтан су тасып, кейде көшедегі колонкалардың істемей қалуы салдарынан көрші үйлердің есігін қағуға мәжбүр.
Қала әкімі Е.Сәлімовтің Комсомол кентінен жер алып, баспана тұрғызғандарды жарықтандырып жатқанын жергілікті БАҚ-та айтқанымен, онысы да жай сөз көрінеді. Атын атамауды өтінген бір тұрғын бағандар орнатылғанымен, жарық желілері әлі тартылмағандығын айтты. Әлихан Бөкейхан көшесінің ең соңғы үйлеріне дейін барғанымда байқағаным, бұл төңіректен жер алып, үй салып орнығып қалу оңай емес. Жаңадан тұрғызылған баспаналардың қақпасында үйдің сатылатындығы жөнінде хабарландыру іліп қойғаны да бекер болмаса керек. Сусыз, жарықсыз мекеннің тұрғындары жақсылыққа толықтай қол жеткізер күннің қашан туарын өздері де білмейді.
Айтпақшы, Әлихан Бөкейхан көшесінің жоғары жақ бөлігінен 150 метр жерге дейін төселген асфальтті көзіміз шалды. Тұрғындардан анықтай келе білгеніміз – асфальтті қалалық «Гордорстрой» мекемесі төсеп бергелі бірер ай ғана болыпты.
– Өткен жылы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойында осы көше тұтасымен асфальтталатынын естігенбіз. Бірақ, білуімізше, рухани-мәдени шаралар өткізуден арыға барған жоқ. Осы көше тұрғындарының атынан «Гордорстрой» мекемесінің басшысы Берікжан Айкелевтің атына асфальт төсеп беруін өтініп, хат жолдадық. Ол азаматқа рақмет, шама-шарқы келгенше көмектесті. Көшенің жоғары бөлігінде көлденең жатқан Суворкин мен Кубинская көшелерінің аралығындағы 150 метр жерге дейін өз қаражаттарына асфальттап берді. Біздің Әлихан атын ардақтаған мұндай азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді осы көшеде туып-өскен азамат Мұрат Мұсатаев.
Тоқетерін айтқанда, қала билігі еңселі ескерткіш тұрғызатынын көңіліне тоқ санағанымен, қалтарыстағы көшенің таз қалпында қалып бара жатқанына бас ауыртпайтын сыңайлы. «Ұлтқа, жұртқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлиханның өсиет сөзін Абай көшесінің төріне іліп, президенттің «рухани жаңғыруына» үн қосып жатқанын аңғартқан атқамінерлер Алаш қайраткерлерінің алдында қырғын шаруа тындырғандай сезініп жүр. Ал ертең ескерткіштің ашылуына келген мәртебелі қонақтар қала сыртындағы бір ауылда «Әлихан Бөкейханның атында көше барын, оның асфальтталып, жарық тартылатынын да естіген едік. Барып көріп қайтайық» десе... қай өтірігін айтып құтылар екен?.. Сосын Алаш көсеміне көшені Семей шетінен емес, қаланың қақ ортасынан берсе нағыз рухани жаңғыру болмай ма?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы
"Жас Алаш" газеті